Түркістан облысында жауын соңы тасқынға ұласты

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында бес бірдей ауыл су астында қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түні бойы әбігерге түскен тұрғындардың мал-мүлкі мен қора жайлары, тіпті кейбірінің баспанасын су шайып кеткен. Апат болған ауылдарда арнайы техникалардың көмегімен су сору жұмыстары жүргізілді. Ағысы қатты селден жүректері шайлығып қалған жұрт дүние-мүлкінің шығынын кім өтеп береді деп алаңдап отыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

– Нөсер жауынның салдарынан жапа шеккен үйдің бірі – Қақпақ ауылдық округіндегі Заңғар елді мекенінде. Үй иесінің айтуынша, су деңгейі 1,5 метрге дейін көтерілген. Ал үй үшіндегі су тізеден асады. Мұнда көріп тұрғандарыңыздай баспананың іргесі сөгіліп, шатыры құлаған. Ал жиһаз бен төсек орынды су шайып, жарамсыз еткен. Абырой болғанда адам шығыны жоқ.

Нөсер кезінде сай-салаға жиылған су мен өзен арнасынан тасып, ауылдарға лап қойды. Үй иесі Гүлсім Пушанова, жан сауғалап туыстарының үйін паналағанын айтады. Әбдеп қорқып, абдырап қалған жан үйдің құжаттарын ғана алып үлгерген. Алайда қора-қопсысы мен үйі су астында қалды. Ауладағы көлік те жарамсыз күйде.

Гүлсім Пушанова, Заңғар елді мекенінің тұрғыны:

Кішкентай балам шырылдап келді. Мама малхананың іші суға толып қалды ғой. Сиырларды не қыламын деп. Сиырларды айдап шығарып, үйге кірсем, аяқ шешетін жерде су көтеріліп жатыр. Есікті ашсам, ашылмайды анау есік. Сөйтіп терезеден түстік баламыз екеуміз. Баламды уже су көміп жатыр. Қолынан ұстап алып, шықтым жүзіп.

Одан бөлек Сарапхана, Қызылқия, Қарабау және Жіңішке ауылдарындағы тұрғын үйлердің көбіне үй ауласына дейін су кірді. Мұндағы халық бір-біріне көмектесіп, қол ұшын созуда. Тұрғындар арық-атыздарды жылда тазалап тұратынын айтады. Бірақ тасқынға тосқауыл қоюға шама келмеді – дейді.

Әбдіманап Бөртебаев, Заңғар елді мекенінің тұрғыны:

Қақпақ өзені таси бастады. Сай-сайдан сулар ағып. Сосын төмендегі елді мекендерден білеміз су басатын жерлерді. Сол тұрғындарға хабар бердік. Үйлерден құжаттарды алып шықсын деп. Малқорадан малдарды алып шығыңдар деп. Кеше өте қатты жауды ғой жаңбыр. Мұндай болған емес.

Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан келген шығынды есептеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Табиғи апаттан 5 елді мекеннің 53 үйдің ауласына су кірді. 18 баспана жарамсыз деп танылып, 44 қора-жай  құлады. 300 ден аса мал шығыны тіркелді. Әлі де түгендеу жұмыстары жүріп жатыр.

Мақсат Заитов, Қақпақ ауылдық округінің әкімі:

– Қазір сол мал егелерінің тірі қалған малдарының бәрін анықтау. Ветеринарлық мал есебі тұратын базадан есебін алып, ары қарап түгендеу жұмысын есебін шығарып жатырмыз. Одан кейін АКТ толтырып, біздің міндетіміз ауданға ұсыну. Ауданнан ары қарап ветеринарлық инспекция бар басқасы бар олар әрі қарай жұмыс жүргізеді.

Енді ауыл халқы алдағы уақыттың еншісінде атқарылуы тиіс тірлікті ойлап алаңдап отыр. Себебі әрқайсысының шығыны шаш-етектен. Сондықтан комиссия өкілдері тиісті сараптаманы дәл жүргізіп, нақ шешімін шығарса екен, – дейді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов