Алматы тұрғындары «Ақсай» карьерін жабуды сұрады

Алматыдағы «Ақжар» ықшамауданының тұрғындары «Ақсай» карьерін жабуды талап етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Карьердегі жұмыс күндіз-түні тоқтамайды. Аумағы кеңейіп жатқандықтан жақын маңдағы үйлер опырылып кетпесіне кім кепіл? Ал тасты үгіту кезінде аспанға көтерілетін шаң ауаны ластап жатыр» – дейді тұрғындар. Бірақ өндіріс орнында жұмыс істейтін серіктестік өкілдері бұл уәжбен келіспей отыр.

Алмас Садуақас, тілші:

– «Ақсай» он жыл бойы үздіксіз қазылып тереңдеп жатыр. Бұл жартас жағасына тым жақын орналасқан үйлерге қауіп төндіргенімен, күн сайын карьерден мыңдаған тонна құмтас тиеген жүк көліктері сыртқа кетеді.

Құмтас пен қиыршықтас өндіретін «Ақсай» карері елу жыл бұрын ашылған. Мегаполистегі құрылыс қарқыны артқан сайын, карьерді ұңғылап, қазу жұмысы да үдей түскен. Қазір карьердің ені 500 метрден, ал тереңдігі 100 метерден асады. Жергілікті тұрғын, тау-кен инженері Асқарбек Жайлаубековтың айтуынша карьердегі өнеркәсіп ережесі өрескел бұзылып жатыр.

Асқарбек Жайлаубеков, тау-кен инженері:

– 45 градустың орнына қазір бізде 80 градус болып тұр мынау. Қараса оның барлығын тексеруге болады. Өте бұзылған. Эксковатордың высота уступа ол істеген жерде ол черпанясына келу керек. Көп болса, бұл жерде 4-5 метр болу керек. Ал қарасаңыз, 30-40 метрдің астында тұрып эксковатор істеп жатыр. Ол қауіпті адамға  істеп жатқан және техниканы басып қалуы мүмкін.

Карьер маңына көптеген үй салынған. Жер телімдерін Қарасай аудандық әкімдігі қай жылдары бергені белгісіз. Жер үлестіргенде санитарлық-қорғау аймағы сақталмағаны анық. Жалпы санитарлық талап бойынша үй мен карьер  арасындағы арақашықтық 500 метр болуы шарт. Ал қазір жер қойнауын пайдаланушылар 1996 жылдан бастап жұмыс істейді. Жергілікті тұрғындар карьерден шығатын шаңды жұта-жұта ауру болдық дейді.

Айсәуле Кенжеғалиева, қала тұрғыны:

Терезе аша алмаймыз. Шаң былай тұрады, мысалға үйді жинасаң да. Төрт балам бар барлығы аллергик. Бүткіл әлем экология деп жатқанда тура Алматыда тұрған карьерді ешкім жаба алмай жатыр ғой.

Ашулы жұрт арыз-шағымын Қарасай аудандық әкімдігіне бірнеше мәрте жолдаған. Әкімдік карьерде қиыршықтас өндіретін компаниялардың жұмысын тексеріпті. Бірақ ешқандай заң бұзушылық таппаған сыңайлы. Қазіргі кезде карьерде үш   серіктестіктері  жұмысын жалғастырып жатыр. 9 гектар жерді құмтас өндіріп жатқан «Карьер ақсай» компаниясы келісімшартқа сәйкес әлі 5 жыл жұмыс істейді.

Анатолий Грошенков, «Карьер Ақсай» ЖШС бас технологы:

– Бізде аудандық санитарлық эпидемиологиялық қызмет жасаған зерттеу нәтижесі бар. Ешқандай ереже бұзған жоқпыз. Сондықтан тұрғындардың нарызылығы орынсыз деп санаймыз.

Жер қойнауын пайдаланушылардың табиғат пен қоршаған ортаға қаншалықты зиян келтіріп отырғанын Алматы облыстық экология департаменті мен «Балқаш-Алакөл» бассейндік инспекциясы анықтайды. Егер олар сондай қорытынды шығарса карьердің жұмысын тоқтатамыз дейді мамандар.

Самат Дәулетов, кәсіпкерлік және индустрия-инновациялық даму ББ басшысы:

Уәкілетті органдардан тиісті қорытынды түскен жағдайда Басқарма келісімшарт қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы. Бүгінгі таңда уәкілетті органдардан бұзушылық бойынша қорытындылар түспеді. «Карьер Аксай» ЖШС жұмысына уәкілетті органның тарапынан бұзушылық бойынша қорытынды берілген жағдайда басқарма келісімшарт қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатады.

Егер мемлекеттік мекемелер арызымызға құлақ аспай, карьердегі бассыздықты тоқтатпаса, халықаралық сарапшыларды шақыртып, тәуелсіз сараптама жасатамыз – дейді тұрғындар.

Авторлары: А. Садуақас, М. Құдықбаев