Үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тегін курс өткізеді – Елорда

Елордалық үкіметтік емес ұйымдар халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан адамдарды жан-жақты қолдауға белсенді түрде ықпал етуде. Оларға тігін және бисермен тоқу курстарын өткізеді, деп хабарлайды «Хабар 24» Елорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

 «Отбасылық табыс орталығы» қоғамдық қоры көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылармен ұзақ уақыт жұмыс істеп, оларға әлеуметтік, заңгерлік және басқа да көмек көрсетуде.

«Отбасылық табыс орталығы» қоғамдық қорының директоры Роза Бекишеваның айтуынша, ұйым негізінен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарымен айналысады.

«Бізде көпсалалы және әр түрлі жұмыс бар, бірінші кезекте біз тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына, халықтың осал топтарына, оның ішінде көпбалалы аналарға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, мүгедек адамдарға көмек көрсетеміз. Біз оларға заңгерлік кеңес беріп, әлеуметтік көмек көрсетеміз», деді қор директоры.

Сондай-ақ тігін шеберханасы бар, онда көпбалалы аналар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары бисермен тоқуды, тігуді үйренеді. Курсты аяқтағаннан кейін оларға сертификаттар беріледі, ал әрі қарай жұмысқа орналасуына көмектеседі.

«Тігін шеберханасында біз аптасына екі рет бисермен тоқу, тастан бұйымдар жасау бойынша шеберлік сыныптарын өткіземіз. Сондай-ақ, жалғызбасты аналар, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары бізде киім, дастархан және т.б. тігуі мүмкін», – деді «Отбасылық табыс орталығы» ҚҚ қызметкері Анар Жанғожиева.