Жамбыл облысында кәріз суы ауылды басып қалғалы тұр

Тараз еліміз бойынша кәріз суды тазартатын  жүйесі жоқ жалғыз қала. Әлі күнге дейін 60 жыл бұрын салынған уақытша тұндырма алаңдары пайдаланылады. Бұл әдіс қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіріп, жергілікті халықты улап жатыр,  деп хабарлайды «Хабар 24».

Әжімұқан Бөлтіріков, «Жамбыл су» мекемесінің өндірістік техникалық бөлімінің басшысы:

Карталар бір-біріне ағу жағдайында тұр. Біз апат болмасын деп арғы жағынан әдейі трубалар қосып, турасын айтқанда, сол ауылдағы канал мен арықтарға ағызып жатырмыз. Бұл ағынды сулардың құрамында небір өте қауіпті қоспалар бар. Мысалы, жалғыз қаланың жұқпалы ауралар ауруханаларын алайық. Онда қандай аурулар жатады? Соның бәрі осында төгіледі. Біздің сүзгі алаңдары бітті. Сүзгі алаңдарынан ары қарай ауылдарға кетіп жатыр.

100 шақты сүзгі бассейні тәулігіне 43 мың текше метр  сарқынды су қабылдауға есептелген. Алайда қазір мұнда шайынды су екі есе көп мөлшерде құйылып жатыр. Жарты ғасырдан астам уақыттан бері тұрған сүзгі алаңдары әбден ескіріп кей бөлігі істен шыққан.

Қазір екі елді мекенге аса қауіп төніп тұр. Мынандай уақытша тұндырма және сүзгі бассейндері ернеуіне дейін толып кеткен, тасуға шақ тұр. Егер анау тұрған бөгеттер бұзылатын болса маңайдағы Жамбыл мен Қостөбе ауылдарын мынандай шайынды су басып апат болады. Қазір мамандар дабыл қағып жатыр.

Айтқан жерден аулақ егер апат болатын болса жиналып тұрған 2 млн текше метр су ауылдарға лап қояды. Бұның бұдан бөлек азабы көп.  Жер асты су ластанған. Қолқаны қабатын  жағымсыз иіс ауылдың берекесін қашырды. Кәріз су жиналатын алқап тура жайылымның үстінде тұр. Оған мал жайылып суын ішеді. Ал жұрт осы түліктердің сүтін сауып, етін жеп отыр.

Жеңіс Бекбауов, Қостөбе ауылының тұрғыны:

15-20 жыл болды шағымданып келе жатқанымызға. Ешқандай іс қозғалмайды. Содан малды, міне, мына кәріз суы жиналатын жерге жаямыз. Мынамен бұрылыңыз. Жайылады. Боқ, сідік суды ішеді. Содан малымыз ауырады. Көбінесе сиыр малы ауырады. Қырылып қалады.

Мамандар бұлай жалғаса берсе апаттың көкесі алда деп отыр. Олар дабыл қаға-қаға шаршаған. Айтуларынша, қауіптің алдын алуға ешкім асықпайтын көрінеді. Жамбылға тағайындалған талай облыс басшысына жағдай баяндалған. Алайда ешқайсысы проблеманы шеше алмай кетті дейді «Жамбыл су» мекемесінің ардагер қызметкері.

Таразға шайынды суды тазартатын кешен салу – кезек күттірмейтін мәселе. Соңғы зертханалық зерттеу су құрамында аммоний азоты рұқсат етілген мөлшерден 1,6 нитраттар 2,4 есе, ал қатты заттар 69 есеге көбейіп кеткенін көрсетіп отыр. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай мүшкіл.

Жайықбай Шалдаров, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

Тағы да 12 карта қосымша соғуымыз керек. Сол кезде бізде 2-3 жылға дейін бұндай мәселе туындамайды.

Жергілікті билік тағы сүзгі алаңдарын салып, мәселені уақытша шешуді көздеп отыр. Ол үшін Жамбыл ауданынан тағы 20 гектар жер бөлінбек. Ал кешеннің қашан салынары белгісіз. Барлығы қаражатқа тіреледі. Проблема өзекті. Қауіп төніп, төтенше жағдайдың алдында тұр.  Апат болып қойғаннан кейін бөлінген миллиардтардың құны бес тиын болуы да ғажап емес.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә