БҚО-да сапалы ауыз судан тарығып отырған ауылдар көп

Елді мекендерді орталық су жүйесіне қосу үшін кемі 600 миллион теңге қажет, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар мәселені шешудің бір жолы тұрғын саны 200 адамнан аспайтын ауылдарға су тазартатын блок модуль орнату дейді. Қазір ауыл жұрты тұтынып отырған ауыз су сапасы санитарлық нормаларға сай емес.

Елдің қиыр шетінде, өңірдің ең батыс бетінде Құрсай деген ауыл бар. Аты айтып тұрғандай, ауылдың айналасы толған сай-сала. Бірақ арналары әлдеқашан құрғап қалған, оған соңғы рет қашан су толғанын ешкім тап басып айта алмайды. Ал мына шағын тоғанның кезінде балығы тайдай тулап, бақасы қойдай шулап жатушы еді. Қазір оның да базары тарқаған, күзге қарай төрт түлікті тіршілік нәрімен қамту қиындап кетеді. Оның үстіне ауылды айнала жайылып жүретін мыңдаған киіктің суаты да осы мекен. Ата кәсіпті өрістеткен ауыл тұрғындары ауыз судан да тарығып отыр. Серік Нұршалиев – осы ауылдың байырғы тұрғыны. Ауылдағы жиырма шақты түтін айналадағы сай-саладан осылай құдық қазып амалдаймыз. Бірақ сапасы көңілден шықпайды дейді ол.

Серік Нұршалиев, Құрсай ауылының тұрғыны:

- Іші кейде құлап қалады. Ауылға тұщы су фильтрмен қазып берсе өте жақсы болар еді. Кейде лайланып кетеді, балшық уақытында, қыс уақытында қиындап кетеді. Малды суарып, ауыз су мәселесін шешіп берсе деп ойлаймыз. Ауылда 5-6 құдық бар, өзіміз қазып аламыз.

Облыс орталығынан 500 шақырым қашықта жатқанымен, ауыл көгілдір отынмен қамтылған. Талапқа сай медицина мекемесі жұмыс істеп тұр. Ұялы байланыс нашар, интернетке қосылу үшін тұрғындар ауылдан бір шақырымдай ұзап шығып, желіні іздеп әуре болатыны рас. Соңғы онжылдықта мал басы бірнеше есеге өскен. Шағын тоған ортайып, суы сарқылғанда тұрғындар төрт түлікті де құдықтан суаруға мәжбүр болады. Өзекті мәселе Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Өнеге мен Көлтабан ауылдарына да тән. Былтыр ауыл маңындағы жер асты су қорларына барлау жұмыстары жүргізіліп, оң қорытынды шыққан. Тек соны тұшытып беруге қажетті қаражат тездетіп бөлінсе дейді ауыл халқы. Судың сапасы ішуге жарамсыз екенін аудан басшылары да мойындайды.

Жақсылық Абдолов, Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары:

- Құрсай мен Көлтабан ауылдарында орталықтандырылған ауыз су құбыры жоқ. Тұрғындар бұрыннан әр үйде жер құдықтарды пайдаланып отыр. Ол енді қазіргі замандағы санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Қазіргі кезде ол екі ауылға кешенді блок модульдар қою жұмыстары жүргізілуде. Жалпы олар негізі 2023 жылға жоспарланған құрылыс басқармасымен. Қаржыландыру мүмкіндіктері қарау жөнінде ұсыныстар қарастырылуда.

Жәнібек ауданындағы Еңбекші ауылына ауыз су желісін тарту бойынша жобалық сметалық құжаттама жасақталған. Мердігер де анықталды, бірақ әзірге бюджеттен қаражат бөлінбеген соң жұмысты бастай алмай отыр. Жоспарда Өнеге мен Жұмаев ауылдары да бар. Былтыр осындай кешенді блок модульдар облыстың 9 ауылына қойылған. Суды тұщытатын қондырғылар өңірдегі өндіріс ошақтарында жасалады. Биыл осы әдіспен Қазталов ауданының 7 ауылын қамту жоспарланып отыр. Сонымен бірге жергілікті бюджет есебінен тағы 19 ауылға да осындай қондырғылар орнатылады. Аталған жобалар жүзеге асқанда аймақтағы елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 92 процентке жетпек.

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов