СҚО-да жұрт комбайндарға таласып жатыр

Он комбайн мен қосымша құралдар былтыр аукцион арқылы сатылып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ алғашқы иелері келіспей отыр. Дау-дамайдың арты теке-тіреске ұласып, шаруалар бір-біріне жұдырық жұмсай жаздады.

Тоқтайтын ешкім жоқ. Бірі «алам» деп, ал екіншісі «алмайсың» деп қызылкеңірдек болып жатыр. Даудың басы – мына тұрған 10 комбайн. Оларды мініп кетуге келген жақ техника біздікі дейді.  

Бауыржан Садықов, «Степное – 2020» ЖШС өкілі:

- Бүгінгі таңда қолымызда техникаларды жауапкершілікпен сақтау туралы соттың шешімі мен проблемалық кредиттер қорының хаты бар. Біздің компания бұл комбайндарды нарықтық бағамен сатып, қор алдындағы қарызды өтемек. Ал олар болса бермей отыр.

Бұл компания кезінде ірі ауыл шаруашылығы холдингінің құрамына кіріп, техникаларын берген. Олар болса 9 млрд теңгеге қарызға батып, кепілге қойған дүние-мүлкінен айырылды. Енді иелері қайтара алмай дал болып жүр.

Ғафур Нұрпейісов, жеке сот орындаушы:

- Біз қатаң қарсылыққа тап болдық. Олардың жетекшісі бізге жұмысшыларын айдап салды. Мына көлікпен 20-25 жігіттей келді. Тіпті қолдарыңа темір алып, ұрыңдар деді. Мені аумақтан күшпен шығарды. Полицияға хабар бердік.

Екінші жақтың өз уәжі бар.Олар бұл комбайндарды өткен жылы аукционнан ұтып алған әйелден сатып алғандарын айтады.

Абзал Ғабдулин, «Шал ақын – агро» ЖШС директорының орынбасары:

- Бұл комбайндар электронды аумақта бір рет сатылған. Міне, Нұрпейісов мырза тұр ғой, сол кісі сатқан. Оның алтауын біз Лысенко Татьянадан сатып алғанбыз. 359 млн ақшасын осы кісіге аударғанбыз.

Мәселенің мән-жайын білу үшін проблемалық кредиттер қорына хабарластық. Олар осылай деп жазбаша түсінік берді.

«Қордың атына «Степное-2020» ЖШС 10 бірлік комбайнының меншік иесінен «Шал ақын Агро-2020» ЖШС аталған техниканы заңсыз пайдалану туралы өтініш келіп түсті.Өтінішті мәні бойынша қарау мақсатында жеке сот орындаушысы Нұрпейісовтің атына жолданып, өтінішті қарау нәтижелері бойынша өтініште көрсетілген комбайндарды өзгенің иелігінен («Шал ақын Агро-2020» ЖШС) алу бойынша шаралар қабылданды. Нәтижесінде «Шал ақын Агро-2020» ЖШС өкілдері Нұрпейісовке 10 бірлік ауыл шаруашылығы техникасының кілтін табыстады, бұл ретте ауыл шаруашылығы техникасының орналасқан жері «Шал ақын Агро-2020» ЖШС аумағы болып табылатындықтан, тиісті сақтау қолхатына қол қойылды».

Іс сотта қаралды. Бірінші шешім бойынша аукционның заңсыз ұйымдастырылғаны белгілі болды. Оны аппеляциялық сот та мақұлдап отыр.

Наталья Шалаева, облыстық соттың судьясы:

- Проблемалық кредитер қоры» АҚ-ның өкілдері сот орындаушысына аукционды тоқтату жөнінде арыз жазған. Ол электронды сауданы өтінішке қарамастан өткізіп жіберген. Сондықтан бәрі заңсыз деп танылды.

Сонымен қатар комбайндарды сатып алған әйелдің аукционға заңсыз жіберілгені анықталды. Енді істің ақ-қарасын Жоғарғы сот қарайды. Шағым соларға да жетті.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов