Маңғыстау облысы Шетпе ауылындағы саябақтар азып тұр

Көпжылдық теректер мен басқа да ағаштар қурап қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындардың айтуынша, саябақ бірнеше жылдан бері суарылмай, қараусыз қалған. Айналасы карьерге толы, шаң-тозаңы шыққан ауылда жасыл желек аз. Сондықтан  жергілікті жұрт әкімдіктен көгалдандыруға көңіл бөлуді сұрайды.  

Сегізбай Әнес саябақтың бүгінгі келбетіне алаңдайды. Қарияның айтуынша, бір кездері көк тіреген зәулім ағаштардың жұрнағы да қалмаған. Күтім болмай, 4 жарым гектар аумақтағы саябақтың тоз-тозы шыққан. 

Сегізбай Әнес, Шетпе ауылының тұрғыны:

- Мына жер орман болып тұр еді, арғы беті көрінбейтін еді. Адам аяйтын жағдай, біреудің еңбегі, аталарымыз егіп кеткен ағаштар кесілді, көбі тасылып кетті. Түгел жеміс ағаштары болды, алманың қаншама түрі, өрік ағаштары, жидек болды. Бақша егістіктері болған, жуасы бар, оның бәрі ертегі сияқты болып қалды. 

Шетпе-1 ауылындағы саябақтың тең жартысы қу тақырға айналған. Арам шөп толып, қураған ағаштар үйіліп жатыр. Тұрғындар жасыл желекті уақытылы суармаған «Маңғыстау жылу» коммуналдық мекемесін кінәлі деп отыр. Жергілікті әкімдік те назар аудармады дейді. Сондықтан көгалдандыруды өз қолына алған. 

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Осыдан 2 жыл бұрын Шетпе ауылының тұрғындары өз қаражаттарына 300-ден астам тал еккен. Алайда жеткілікті деңгейде суарылмағандықтан, оның тең жартысы қурап қалған. Амал жоқ, тұрғындар биылдан бастап өз күштерімен суаруды қолға алыпты.

Нұрлан Біләл, Шетпе ауылының тұрғыны:

- Шетпенің айналасы 29 карьер, ала шаң. Шаңға байланысты ешқандай тіреу жоқ, ана мен баланың баратын жері жоқ. Биыл да еккен жас тал өлуде. Оған ауыл болып қайта қайта ақша жинай беру ұят секілді. Сосын бақшаның айналасындағы 6-7 метрден тұщы су шығып тұр. Миллионға жақын ақшаға су қаздыртуға болатындай келістік. Сол арқылы суарылып отырса. Өзіміз суарып отырмыз, республикалық бюджеттен қаражат бөлінсе, қарауыл, бағбаншысын сұрап отырмыз.Тротуар жасалса, отыратын орындығы болса.

Бұдан бөлек, белсенділер саябақтың ішіндегі шағын ғимаратты да жөндеуден өткізсе дейді. Мұнда ұлттық аспаптар мен салт-дәстүрді үйрететін үйірмелер ашуды жоспарлаған. Сондай-ақ өз қаражаттарына зообақ мен жазғы кинотеатр ашуды жоспарлайды. 

Ауылдағы екінші саябақ та оңып тұрған жоқ. Күтім болмағандықтан, саябақтан күй кеткен. Әкімдік өкілдері, жасыл желекті суарға су тапшы дейді. Салдарынан 2 мыңнан астам тал қураған.

Аман Ордабаев, Шетпе ауылы әкімінің орынбасары:

- Ауданның коммуналдық мекемесі қаржылық тапшылыққа байланысты, жұмысшылар шығып кетті, айлық бере алмай қалды. Сол кезде қурап қалды. Бір жағынан астымызда тұзды су бар. Тамыры тұзды су болғандықтан қурап кетеді. Оның үстіне 1-2 жылдықта Маңғыстауда жауын-шашын болмады. Соның да әсері болды.

Бұл саябақты сақтауға мүмкіндік бар дейді атқамінерлер. 2 жыл бұрын әкімдіктің теңгеріміне өткізілген. Қазынадан 229 миллион теңге қаражат бөлініп, абаттандырыла бастаған. 500 тал егіліп, ойын алаңы, субұрқақ пен соғыс ардагерлеріне мемориалдық тақта тұрғызылған. Осылайша, келбетін ретке келтірген. Суды үнемдеу үшін тамшылата суаруға пластик түтікшелер жүргізілген. Арнайы агроном шақырылған.

Ахан Бөлімбетов, агроном:

- 60 процент тұзды жер, арналған минералды тыңайтқыш бар, түгелдей жоямын деп айта алмаймын, азайтуға болады, 20 процентке. Еккен талдар көгереді, арнайы технология бар. Соны қолданамыз, екі жылдың ішінде 5 мың ағаш егіледі. 

Осылайша, орталық саябақ 2 жылда қалпына келеді деген үміт бар. Ал Шетпе-1 ауылындағы саябақты абаттандыруға атқамінерлер аудандық бюджеттен 22 миллион теңге бөлінетінін хабарлады. Бұл ақшаға әзірге жасыл желекті күтіп-баптауға болады дейді тұрғындар. Сондықтан республикалық деңгейде қаралып, ұсыныстары орындалғанын күтеді. 

Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев