Елімізде 16 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді

Биыл 3 айда ел аумағында 16 278 шетелдік еңбек ететіні белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелдік жұмыс күшін тартуға басшылар мен олардың орынбасарлары, құрылымдық бөлімшелердің басшыларына рұқсат бар. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігіне үшінші және төртінші санаттағылар жатады, яғни олар мамандар мен білікті жұмысшылар. Сондай-ақ биыл үш айда маусымдық жұмыстарға 1 197 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 352 адам тартылған.

«Қазіргі уақытта елімізде 1683 жұмыс беруші шетелдіктерді жұмысқа қабылдаған. Ал бұл жұмыс орындарында 429 мыңнан астам Қазақстан азаматтары жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-і», – делінген Еңбекмин баспасөз қызметінде.

Айта кетейік, елімізге Қытайдан 3 685 адам, Түркиядан 1 977, Үндістаннан 1 268, Өзбекстаннан 1 195, Сербиядан 1 109 еңбек мигранты келген.

Естеріңізге сала кетйік, Еңбек министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді және бөледі. Осы жылғы қаңтарда ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны бұрын жоспарланған 28 352 бірліктен 23 560-қа дейін, яғни 4 792 адамға қысқартты.