Ерекше қажеттіліктері бар 100-ден астам адам бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатысты – елорда

Елордалық паралимпиадалық жаттығу орталығында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24» қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының, БҰҰ еріктілерінің, «AmanZhol и K» және «Каспий» қоғамдық қорларының қолдауымен мүгедек адамдарды кәсіби оңалту қалалық орталығы ұйымдастырды.

Оны өткізудің мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыруға, олардың әлеуеті мен мүмкіндіктерін ашуға жәрдемдесу.

25 жұмыс беруші әртүрлі қызмет түрлері бойынша 60-тан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңкеге мүгедектігі бар 100-ден астам адам қатысты. Олардың әрқайсысына жұмыс іздеу, сондай-ақ кәсіби оңалту бойынша ақпараттық және консультациялық қызметтер көрсетілді. Сонымен қатар келушілер зейнетақымен қамсыздандыру, кәсіптік бағдарлау, психологиялық, заң және медициналық-әлеуметтік қызметтер мәселелері бойынша кеңестер алды.

Бос орындар жәрмеңкесі жұмысының алдын ала нәтижелері бойынша 30-ға жуық адам әлеуетті жұмыс берушілерге қайта әңгімелесуге, тағы бесеуі тағылымдамаға шақырылды.

Жәрмеңкеге бірінші келгендерге сыйлықтар берілді.