Ақтөбе облысында ардагерлерге екі миллион теңгеден беріледі

Өңірде екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне 2 миллион теңгеден берілмек. Бұл майдан кешкен жандарға дәстүрлі түрде 9 мамыр алдында төленетін бір жолғы жәрдемақы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде сұрапыл соғысқа қатысқан 8 ардагердің көзі тірі. Олардың төртеуі түрлі жарақат алып, мүгедек болғандар. Мерекелік сыйақы неміс басқыншыларымен күрескен ардагерлерге теңестірілген жандарға да қарастырылған. 2 мыңға жуық Ақтөбе облысының тұрғынына 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін беріледі. Бұдан бөлек олардың коммуналдық төлемдері жергілікті бюджет есебінен өтеледі.

Асланбек Шүйіншалиев, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Жылыту маусымында, 7 ай мерзімінде коммуналдық төлемдерге жеңілдіктер алатынын айта кеткен жөн. Жалпы мұндай санаттағы  түрлі төлемдерді алатын азаматтардың саны 9 санатты құрайды. Облыс бойынша жалпы 5400-ден астам осы 9 санаттағы азаматтар бар осы төлемдерді алатын. Жалпы төлемдердің саны 378 млн теңге.