Жер учаскелерін кезекке қою және беру тәртібін регламенттеу бойынша шаралар қабылданды

Жер учаскелерін кезекке қою және беру тәртібін регламенттеу бойынша шаралар қабылданды
Oksagen

2020 жылғы қазанда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.

Аудит барысында халық үшін жер бөлуге арналған алаңдар және кезектілік тізімдері туралы ақпараттың, жер учаскесін беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдауға нақты тәсілдердің айқындығы мен ашықтығын қамтамасыз етуде кемшіліктер анықталды.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне жер учаскелерін кезекке қою және беру тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру бойынша шаралар қабылдау тапсырылды:

- жер комиссиясының шешім қабылдау мүмкіндігін қоспағанда, кезекке қою және жер учаскелерін беру  тәртібін электрондық форматқа көшіру;

- кейіннен жергілікті атқарушы органдардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын қаржыландыруы үшін жер учаскелерін аукциондар арқылы сату тетігін кеңінен қолдану.

Есеп комитетінің тапсырмасын орындау үшін 2022 жылғы 1 наурыздан бастап egov.kz (https://egov.kz/services/P4.14) электрондық үкімет порталында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезекке қою (10 сотық жер) қызметі, сондай-ақ деректерді өзектендіру қызметі ұсынылады, онда Қазақстан азаматтары кезекке тұрып, оның қозғалысын бақылай алады, сондай-ақ бұрын берілген өтініштердің деректерін өзектендіре алады. Бұдан басқа, 2021 жылғы қазанда мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) электрондық түрде ұйымдастыру және өткізу қағидалары бекітілді, онда геоақпараттық сервистегі сауда-саттыққа белгілі бір бос жер учаскесін шығару туралы ұсыныс беру арқылы мүдделі адамдардың жер учаскелерін алу тәртібі айқындалған.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі