«Ертіс орманы» табиғи резерватында ағаш егу науқаны басталды

Павлодар облысының «Ертіс орманы» табиғи резерватында көктемгі көшет егу науқаны басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл Бесқарағай мен  Шалдай орманшылықтары шамамен 3 мың гектар алқапқа орман дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Тұқым қоры жеткілікті. Қарағай бүрі жылдағыдан бірнеше есе көп жиналыпты.

Айналасы бес күнде орманшылар мың гектар алқапқа қарағай көшеттерін отырғызып шықты. Бұл осы көктемде қамтылуы тиіс жұмыстың үштен бір бөлігі. Орманшылар науқанға білек сыбана кіріскен. Олар жауған жаңбырды елеп жатқан жоқ. Қайта жас көшеттер тез бейімделіп кетеді дейді.

Қайырден Абжатов, «Ертіс орманы» табиғи резерваты бас директорының орынбасары:

- Материал қоры жеткілікті. Ал орманды қалпына келтіру ісіне 94 техника бірлігі, 4 жүк тиейтін көлік жұмылдырылған. Көшет отырғызумен 400-ге тарта адам айналысып жатыр.

Бұл өртенген орман алқабы. Осыдан он жыл бұрын алапат өрттен қатты зардап шеккен болатын. Жалпы Шалдайдың жері құмдауыт келеді. Сондықтан қарағайдан басқа ағаш өспейді.

Аида Қасымова, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі облыстық аймақтық инспекциясының бас маманы:

- Науқан қалыпты жағдайда жүріп жатыр. Көшет егу жүйесі сақталады. Жас өскіндердің тамыры қарға көмілген. Ол көшеттерді кеуіп кетуден қорғайды.

Орманды қалпына келтіру ісі қолдағы материалдарға да байланысты. Мамандар өздері өсірген көшеттерінің сапасына шек келтірмейді. Сондықтан егіліп жатқан жас өскіндердің ең болмағанда үштен бірі жерсініп кететініне сенімді. Қазір орман өрттері  сиреген. Қарағайлы алқаптар жетіліп келеді.  

Серік Тілеубердинов, қорықшы:

- Біз 97-98 жылдары болған ірі өрт салдарынан жойылған орман алқаптарын толық қалпына келтірдік. Аталарымыздан қалған көне тәсілмен жұмыс істейміз. Бұл өте сенімді технология дер едім.

Осы маусымда «Ертіс орманы» табиғи резерваты 12 миллионнан астам көшет егуді межеге алған. Бұл іс күз мезгілінде жалғасын тауып, орман қоры 400 гектар алқаппен толығады. Өткен жылы тұқым қоры жетілікті деңгейде дайындалған. Қарағай бүрінен соңғы бес жылда болмаған мол  өнім алынды.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат

Сондай-ақ...