А.Күрішбаев: Қазақстандық биозертханаларда ешқандай биологиялық қару жасалмайды

Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев шетелдік саясаткерлердің мәлімдемесіне осылай деп жауап берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, біздегі биологиялық зертханалар екінші және үшінші топтағы аса қауіпті патоген микроорганизмдерге қарсы диагностикалық және профилактикалық препараттарды әзірлеумен айналысады. Яғни өлім-жітім деңгейі жоғары бірінші топтағы аса қауіпті вирустармен жұмыс істемейді. Бұл зертханаларды тек өз еліміз ғана қаржыландырады. Ешқандай да шетелдік грант берілмейді. Тіпті өзге елдің ғалымдары да жоқ. Сондай-ақ сенатор Қазақстан бактериологиялық, биологиялық және уытты қаруға тыйым салу туралы конвенцияға жауапты қатысушы ел екендігін айтты.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қазақстанда биологиялық зертханаларда ешқандай биологиялық қару-жарақ жасалмайды. Сондықтан шетелдік саясаткерлердің бұл тұрғыда күмәндары, мәлімдері негізсіз. Шындыққа сәйкес келмейді.

БІЛІКТІ МАМАНДАРДАН КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВ ҚҰРЫЛАДЫ   

Елімізде аса қауіпті патогендермен жұмыс істеу үшін даярлықтан өткен білікті мамандардан кадрлық резерв құрылады. Олар төтенше жағдайларда, пандемия кезінде және қажет болса, басқа елдерге көмек көрсетуге жұмылдырылады. Бүгін сенатта «Биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасы қабылданды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, аталған құжатта негізгі биологиялық қауіптер ескерілген. Мұнда ең әуелі, аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтарына мән беріліп отыр.

Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрі:

- Пандемия сабақтарын ескере отырып, заң жобасында халықтың хабардар болу деңгейін арттыру және оның қауіпті биофакторлардың әсеріне назар аударуға дайындығы жөніндегі шаралар қарастырылған. Сондай-ақ кадрлық әлеуетті сақтау және нығайту үшін ынталандыру шаралары көзделген. Мемлекеттік ұйымдардың тәуекелге неғұрлым бейім мамандары мен қосалқы персоналына еңбекақы төлеу арттырылады, сауықтыру жөніндегі жәрдемақылар белгіленеді.