Елде төрт мыңға жуық медицина маманы қажет

Ел медицинасына 4 мыңға тарта маман жетіспейді. Әсіресе ауылдарда ахуал күрделі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алғашқы медициналық көмек көрсететін кадр тапшы. Қазір елде 70 мыңнан аса дәрігер бар. Әлі 3900 ақ халатты маман керек. Жылына 6 мыңнан аса кадр даярланады. Оның екі мыңнан астамы көпбейінді дәрігер. Мәселен, мына бір ғана оқу орнында 9 мыңнан аса студент оқиды. Оның 1100 ден астамы шетелдік жастар. Бакалавриат негізінде 8 бағытта білім беріледі. Магистратура мен докторантура да бар. Елде бірқатар жоғары оқу орны болса да маман әлі жетпей жатыр. Әсіресе алғашқы медициналық көмек көрсететіндер, учаскелік дәрігерлер, анестезиолог, реаниматолог, акушер, неанатологтар тапшы. Мәселені шешу үшін мемлекет енді «Дені сау ұлт» аталатын ұлттық жоба аясында гранттарды көбейтпек.

Ажар Ғиният ҚР денсаулық сақтау министрі:

Ұлттық жоба бойынша жыл сайын гранттың саны көтеріліп, 5 мыңға дейін жеткізетін болады. Қазіргі 4 жарым мыңнан жоғары.

Маман әсіресе аудан, ауылдарда таптырмайды. Сондықтан әкімдіктер өз грантын беріп, жастарды оқытып жатыр. Бұдан бөлек, аурухана, емханалар да дәрігерлерді резидентураға оқуға жібереді. Бұл да әзірге аз да болса көмек. Бірақ мәселе мұнымен толық шешілмейді. Сондықтан елде медицина саласындағы гранттарды ұлғайту туралы ұйғарым жасалған.

Жанар Букеева, медициналық университеттің академиялық жұмыс жөніндегі проректоры:

– Маман сұранысын жабу үшін біз студенттерді мемлекеттік тапсырыс аясында және келісім негізінде оқытамыз. Осы кезге дейін университетімізден 23 мыңнан аса маман қанат қақты. Бірақ, 911 сыныпты бітіріп келген кейбір оқушы медицина маманы болуға дайын болмай шығады. Сондықтан алдын ала ашық есік күнін өткіземіз. Сондай шара бүгін де ұйымдастырылып отыр. Мұндағы мақсат не? Оқушылар оқу орнымызбен егжей-тегжейлі танысса, сосын ғана университетке саналы түрде келсе дейміз. Сол кезде олар нақты нәтиже көрсетеді. Бастысы білікті кадр даярлау ғой. 

Шетінеп кеткен алты айлық, тоғыз айлық нәрестелер, адам ағзалары. Мұның бәрі шынайы. Бальзамдалған. 100, 200 жылға дейін сақтала береді. Мұндай әдіспен 3 елде ғана оқытады. Соның бірі – Қазақстан.

Дулат Шаяхметов, аға оқытушы:

Бұл ағзалар бізде нағыз адамның органдарынан алынған. Мәйіттерден алынған ағзалар. Полимерлі бальзамдау әдісімен жасалған. Бұл әдісті Қазақстанда, Ресейде, Германияда ғана қолданылады. Бұл әдіспен студенттерді оқыту, органдарды көрсету өте тиімді. Себебі совет одағы кезінде мұндай органдар фармолин деген сұйықтықта сақталатын. Ол раствор зиянды көзге, ішкі құрлысқа зиянды болғандықтан біз осы әдіс арқылы органдарды сақтаймыз.

Алдағы уақытта медицинада білім беру тәсілдері өзгеруі мүмкін. Бұл пандемиядан алған сабақ. 

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Жандос Сұлтанғазы