ШҚО-да әлеуметтік нанға сұраныс ұлғайды

Шығыс Қазақстан облысындағы дүкендер әлеуметтік нанмен толығады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шемонаиха ауданының өзіне 500 тоннадан астам арзандатылған ұн жеткізілмек. Облыстық азық-түлік корпорациясы наубайханаларды ай сайын және жарты жыл бойы шикізатпен қамтамасыз етеді. Бұның бәрі арнайы меморандум аясында жүзеге асырылады. Бұған дейін ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде нан бағасын тұрақтандыруда бар жағдай қарастырылғанын мәлімдеген. Бұл мақсатта қордан әлеуметтік ұн өндірісіне қажетті көлемде 275 мың тонна бидай бөлінеді.

Шемонаиха ауданында түнімен пісірілген нан түс ауа сатылып кетеді. Себебі бағасы қолжетімді. Бір бөлкесі 95 теңге. Ал жоғары сұрыпты ұннан пісірілетін ас атасы бұдан екі есе қымбат. Бұның ұтымды тұстарына көз жеткізген Валерий Евсеев кәсібін әлеуметтік салаға бағдарлауға мәжбүр болған. Наубайханашы арзан, әрі сұранысқа ие өнімді көптеп дайындауды көздейді.

Валерий Евсеев, наубайханашы:

Әлеуметтік нанның сапасы жақсы. Сұраныс бар. Мысалы, қаңтар айында ұнның келісі 120 теңге болғанда күніне 30 бөлкеден артық сатпайтынбыз. Ал қазір сөрелерден бір күнде 900 бөлкені алып кетеді.

Шемонаихада бірінші сұрыпты ұнның көтерме бағасы 180-190 теңге шамасында. Оған тағы жеткізілімнің 10 проценттік құнын қосыңыз. Ал жоғары сұрыпты ұнның келісі 200 теңгеден басталады. Демек шикізаттың нарықтағы құнын бағамдай отырып, әлеуметтік нанды пісірген әлдеқайда тиімді. Оның өзіндік құнының төмен болуы кәсіпкерлер үшін бизнесті сақтап, тұрақты табысқа кенелудің бір жолы саналады. Полина Висмер жыл басында бірқатар мемлекеттік мекемемен келісім шартқа отырды. Оларға 115 теңгенің нанын пісіруге келісті. Бірақ ақпан айында ұн 20 процентке қымбаттады. Қайткенмен жарты жолдан шегінуге жол жоқ. Міндеттемелер орындалуы тиіс. 

Полина Висмер, кәсіпкер:

115 теңгенің нанын пісіреміз деп тендерді ұтып алдық. Қазір логистиканы есепке алғанда, ұн 180 теңгеге шарықтап кетті. Енді алдын-ала жасалған келісімге сәйкес бұл баға бізге тиімсіз. 

Енді Полина Висмермен қоса тағы көрші үш наубайхана арзандатылған жүздеген тонна ұнға ие болады. Келісім бойынша оларға тек әлеуметтік нан пісіруге рұқсат. 

Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:

– Қазіргі таңда төрт кәсіпкеріміз келісімшартқа отырды. Барлығы 500 тоннадай ұн алуды жоспарлап отырмыз. Бұл алған ұнды нан пісіру орындарына бағаны тұрақтандыру мақсатында сапалы, жақсы нан пісіріп сатуға мүмкіндік береді. 

Әлеуметтік нанның бағасы әр өңірде әрқалай. 75 теңге мен 100 теңгенің аралығында. Ал жоғары сұрыпты нанның құнын ірі сауда дилерлері реттей алады. Демек қазіргі бидайдың тұрақсыздығынан әлеуметтік нан ішкі нарықта қашанда сұранысқа ие болатыны анық.  

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Дмитрий Пыхтин