Атырауда балық тағы қырылды

Осыдан бір апта бұрын Атырау облысында балықтың жайылмада жаппай қайырлап қалғаны туралы хабарлаған едік. Бұл жағдай «Қайыршақты» ауылдық округіне қарасты «Безымянный» су айдынында болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балық уылдырық шашу үшін қолайлы жер іздеп жүргенде канал сағасына тіреліп қалған. Ол аумақтан 65 келі өлі шабақ жиналды. Енді ауыл тұрғындары Махамбет ауданына қарасты «Алмағамбет» өзегінде де балықтың жаппай қырылып жатқанын көріп дабыл қақты. Қазір балық қорғау инспекциясының мамандары ауыл жастарынан еріктілерді жұмылдырып, тірі шабақтарды құтқаруға кірісті. Алайда айдын беті жалпақ, су шексіз болғандықтан тағы да мыңдаған балық шабағы шығын болуы мүмкін. Жалпы Жайық өзені бойында осындай су шығып кету қаупі бар 18 құрғақ көл бар. Енді сол жерлерде күзет күшейтіледі.

Нұрлыбек Ғайсин, «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік инспекциясының басшысы:

– Біздің міндет тірісін құтқаруымыз керек. Мына өлген балықтарды жинауымыз керек. Қалған балықты жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, құтқару жұмысын жасауымыз керек. Қазір осы жерде комиссия құрдық комиссия бір тұжырымға келіп, көлдің басына тор саламыз ба, қалай болғанда да балықтың өрістеуіне жағдай жасауымыз керек. Осы жерге сол үшін жиналып отырмыз.