«Ауыл» партиясы мүшелерінің саны азаюы мүмкін

Ол үшін саяси ұйым 1 шілдеден бастап «Ауыл рейтинг» онлайн платформасын іске қоспақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп «Ауыл» партиясынан сайланған депутаттар мен әкімдердің қызметін енді сайлаушылар қадағалайды. Онда партия мүшелерінің атқарған жұмысы жөнінде есебі жарияланып тұрады. Соған қарап, олардың еңбегі бағаланады. Егер тыңдырған шаруасы көңіл көншітпесе, онда тиісті шешім қабылданады. Игі бастама партияның саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылды. Ұйым қазір саннан сапаға көбірек мән бермек. Яғни партияның жұмысына енжар қарайтын азаматтар мүшеліктен шығарылады.

Әли Бектаев «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы:

– Партия мүшелерінің 300 мыңының арасында партиядан қол үзіп кеткен, партияның жұмысына араласпайтын, болмаса жасы келіп ауырып жатқан, болмаса өмірден озып кеткен азаматтар да болуы мүмкін. Солардың барлығын біз қазір толық талдап, бастауыш партиялар деңгейінде барлығына анализ жасап, партиямыздың ішкі құрамын тазалау мәселесіне мән беріп жатырмыз. Соған байланысты партия мүшелерінің саны азаюы да мүмкін. Бірақ біз үшін партияның саны емес сапасы маңызды болып отыр.