Үкімет қаулысы Қарағандыда қалай орындалып жатыр: азық-түлік бағасы

Арғын Шілдебай сауда орындарына келген сайын бағаның мың құбылып тұрғанын байқаған. Айлығының шайлыққа  жетпей қалғанына ашулы. Өткен айдағы баға бүгінде едәуір өскен, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Арғын Шілдебай, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Өздеріңіз көріп тұрсыздар ғой, баға өте қымбат. Күннен күнге қымбаттап бара жатыр. Мұны ептеп қолға алу керек. Өйткені шыны керек, біз осынша айлық алмаймыз. Осыншалықты табыс таппаймыз. Қазір қарап отырсаңыз барлық тапқан таянғанымыз тек ішіп-жем, азық-түлікке кетеді. Басқа бір жаққа барып отыруға той-дманға, туысқандарымызға баруға, киім-кешек алуға ақша жоқ.

Тек бір аптада бақылаушы топқа бағаға қатысты 70-ке жуық шағым түскен. Нәтижесінде сауда үйлеріндегі әлеуметтік тауар бағасына сараптама жүргізілді. Қорытындысы қарапайым халықтың босқа шағымданбағанын көрсеткен.

Малика Күсенбаева, «Сарыарқа адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

Біз құпия сатып алушы ретінде әлеуметтік дүкеннен қант, қарақұмық, күріш, тұз, нан, макарон өнімдерін сатып алдық. Жалпы бағасы 2400 теңге шықты. Ал, супермаркетте дәл сол тауар көлемі 2600 теңгеге шықты. Ал, камерасыз тағы басқасына барған кезде тіпті 3700 теңге болып өзгерді. Ірі сауда үйлері бағаны қымбаттатып отыр.

Біз қазір екі бірдей ең ірі сауда үйінде  және мына бір әлеуметтік павильонға кіріп ең қажетті деген әлеуметтік азық-түліктерді ғана алдық. Бұл шамамен тек 2 күнге жететін азық-түлік десек, осы ең қажетті тағамдардың өзіне кемі 5-6 мың теңге шығып жатыр.

Дәл осындай арнайы дүкендерде қант бағасы 368-387 теңге аралығында болса, үй маңындағы дүкендерде келісіне 560 теңгеге жетеді. Мамандар әр шағым бойынша жұмыс жүргізбек. Фактілер анықталса заң негізінде айыппұл салынады.

Ирина Мосина, Кәсіпкерлік бөлімінің ауыл шаруашылығы және сауда секторының меңгерушісі:

Үкімет қаулысына сай әлеуметтік маңызы бар тауар тізімі жасалған. Оған 19 түрлі тауар кіреді. Осы тауарларға сауда үйіндегі үстеме 15 проценттен аспауы тиіс. Шағын дүкендерге қатысты ескертулер бар, олармен жұмыс жүргізіліп тұрады. Егер ескертпені елемесе заң жүзінде әрекет етуге тура келетін болады. Ол алғашқы рет ескерту ретінде, артынша бизнес көлеміне сай әкімшілік хаттама толтырып, айыппұл салынады.

Атап өткен жөн, әлеуметтік маңызы бар тауар бағасына салынатын үстеме 15 проценттен аспауы тиіс. Егер бұл бұйрық орындалмаса шағын бизнес өкіліне 90 мың ал, орта бизнес өкілдеріне 225 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков