Елордадағы «Мәңгілік ел» аркасы аумағында ландшафт пайда болады

«Мәңгілік ел» салтанатты аркасы маңына жоспар бойынша 12 мың көшет отырғызылып, жасыл желекпен көмкерілмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен мәлім етті. Олардың қатарында қылқан жапырақты және көпжылдық ағаштар бар. «Мәңгілік ел» аркасы елорда халқы мен қала қонақтары баратын басты орындардың бірі. Бүгінде аталған нысан аумағын көгалдандыру жұмысы жүріп жатыр. Қалалық сенбілік барысында 300-ден астам көшет отырғызылды. «Мақсат – көгалдандырып, жасыл алаң жасау. Яғни ол жерге халық тамашалау үшін келіп қоймай, демалу, серуендеу мүмкіндігі де туады», – деді қалалық урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен. Оның айтуынша көгалдандыру жұмысы «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» жоспары аясында жүзеге асып жатыр. Есіл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, аталған жұмыс сәуірде басталып, мамырдың соңына дейін жалғасады. Еске сала кетсек, таяуда Нұр-Сұлтан қаласы құрылыс басқармасының басшысы Әрсен Жаңғасқанов «Мәңгілік ел» аркасының қайта жөндеуден өтетіні туралы айтты. «Биыл мәдениет нысандарын дамытуға 388 млн теңге бөлінді. Қазір бізге «Бозоқ» ұлттық паркі құрылысы жобасын аяқтауға 46 млн теңге керек. Сонымен қатар «Мәңгілік ел» аркасы қайта жөндеуді қажет етеді. Бүгінде аталған нысанның құжаты қаралып жатыр. Жұмыс ауқымды, ғимарат төбесінен су ағады. Бұл арка қаладағы бетке ұстар көрікті орындардың бірі. Сондықтан назарға алуларыңызды сұраймын», – деді ол қалалық мәслихатының отырысында жасаған баяндамасында.