Көкшетаудағы орталық алаңда бірлік мерекесі тойланды

1 мамыр мерекесі – көкшетаулықтардың асыға күтетін мейрамдарының бірі. Соңғы рет 2019 жылы дәл осы алаңда халық барлығы бірдей тойлаған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

 

 

Одан бері арада пандемия болып, біраз үзіліс болды. Содан бері аталған мейрамды сағынып қалған халық бүгін орталық алаңға көп жиналды. Алаңға келген халықты алдымен Ассамблея жанындағы шеберлер одағы ұйымдастырған қолөнер бұйымдарының көрмесі қарсы алды. Мұнда әр ұлттың киім үлгілерінен бастап кәдесыйларына дейін қойылған. Айта кетейін, жалпы Ақмола облысының шеберлер одағына 800-ге жуық ісмер тіркелген.

Вера Фризен, қолөнер шебері:

Мен ұлттық тақырыпта дүниелер жасағанды жақсы көремін. Әр ұлттың өзіме ұнаған тұсын қылқаламмен жеткізем немесе киізге басып шығарамын. Міне, көріп тұрсыздар, менде әр ұлтқа тән түрлі бұйымдар бар. 

Ал сахнада ән салып, би билеп жүрген өнерпаздардың да көбі ассамблеяның құрамындағы шығармашылық ұжым. Барлығы да өз ұлтының мәдениетін паш етті.

Ермек Нұғманов, «Қоғамдық Келісім» КММ директоры:

– Ақмола Қазақстан Халқы ассамблеясында 16 этно-мәдени бірлестіктер тіркелген. Барлығының өздерінің сол жерде кабинеттері бар, басшылары бар. Сол жерде құрылымдары бар, өнер ұжымдары бар. «Ғалия Бану» татар ұлттық ансамблі бар, «Русская песня» орыс халқының ансамблі бар. солардың барлығы да бүгін өз өнерлерін көрсетеді.

Ал ақсақалдардың сөзінше, бұл мереке, біздің береке-бірлігімізді нығайтып, өзара бауырмалдығымызды одан әрі арттыра түсуі тиіс.

Герихан Яндиев, «Вайнах» шешен-ингуш бірлестігінің төрағасы:

– Бірлігіміз бен бейбітшілігіміз барда бізді ешқандай жау ала алмайды. Ал мұндай қасиеттер даму мен өркендеудің алғышарты. Тәуелсіздігіміздің де тұғырлы болуына сеп болады. Әсіресе, қазір көрші елдерде болып жатқан жағдайларға қарап, ынтымағымыздың қадірін білуге тиіспіз.

Шияп Әлиев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Біздің елімізге бірлік керек, тірлік керек, достық керек. Ынтымақ керек бізге. Қай ұлт болсын бір-бірімен. Қазақстанның патриотизмі керек. Сондықтан меніңше, осы бірлікті көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Дәл осындай мерекелік іс-шаралар аудандарда да өткізілді. Айта кетейін, бүгінде Ақмола облысында 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олардың біразы тіпті, өзара құдандалы боп, тілі мен түріне қарамастан бір әулетке айналып кеткен.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный