Елордада Қазақстан халқының бірлігі күні қалай өтті

Бүгін елорданың төрт алаңында шығармашылық ұжымдар мен қала әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарламалар өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Концерттер ЭКСПО алдындағы алаңда, Demalys Promenade және Студенттер саябағында, сондай-ақ астаналық орталық саябақтың амфитеатрында ұйымдастырылды.

«Бүгін Студенттер саябағында Қазақстан халқының Бірлігі күніне орай «Наз» мемлекеттік би театрының әртістері болып қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынып, өз шығармашылығымызды көрсеттік. Осындай мүмкіндік жасағаны үшін қала әкімдігіне алғысымызды білдіреміз. Концерт көпұлтты халқымыздың достығы мен бірлігін қолдау, Қазақстанда тұратын барлық этностардың өнері мен мәдениетін көрсету мақсатында өткізілді», – деп атап өтті «Наз» мемлекеттік би театрының әртісі Сұлтан Болатбекұлы.

Мереке қонақтары концертке бүкіл отбасыларымен келді, тіпті өтіп бара жатқан жұрт та қосылып, тамашалады.

«Біз ЭКСПО-ға жақын маңайда тұрамыз, балалармызбен бірге серуендеу үшін аулаға шыққанбыз. Бірақ қасымызда концерт өтіп жатқанын естіп, осында келейік деп шештік. Бүгінгі ауа райы да өте қолайлы, Бірлік күнін атап өтуге мүмкіндік беріп тұр. Сонымен, сыртқа шығып, қаланың өзге тұрғындарымен бірге әртістеріміздің шығармашылығын тамашалап, өзге ұлттардың мәдениетімен таныстық», – деп өз әсерімен елорда тұрғыны Роза Бодеева бөлісті.

«Ұйымдастырушыларға осындай концерт өткізгені үшін алғысым шексіз. Жұрт мерекелік көңіл-күйде, бәрі мәз-мейрам. Концерт өте керемет деңгейде өтіп жатыр. Әртістермен бірге би билеп, көңіл көтердік, ересектер үшін де, балалар үшін де қызықты болды. Барша қазақстандықтарды бүгінгі мерекемен құттықтаймын! Елімізде аспанымыз әрдайым ашық, әр отбасында амандық болсын!» – деп құттықтады астаналық Алена Карпова.

Сонымен қатар ЭКСПО маңындағы алаңда спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды. Қала тұрғындары ұлттық спорт түрлері бойынша, нақтырақ айтқанда асық ату, армрестлинг, арқан тарту және гір көтеру бойынша жарыстарға қатысты. Үздіктерге сыйлықтар тапсырылды.