Алматы облысындағы ауыл амбулатория мен мәдениет үйіне мұқтаж болып отыр

Көксу ауданындағы Жамбыл ауылының тұрғындары мәдениет үйі мен дәрігерлік амбулатория салып беруді сұрап отыр. Себебі елді мекендегі емдеу мекемесі әбден ескірген, ал мәдениет ошағының жабылып қалғанына отыз жылға жуықтады. Ең өзекті проблеманың бірі қоқыс төгетін полигонға қатысты болып отыр. 

Бүкіл өлген мал түгелі осы жерде. Дайын коронавирус жатыр....

Жамбыл ауылының тұрғындары әкімдік сел жүретін сайды қоқыс полигоны етті деп отыр. Аумағы қоршалмай бей-берекет төгілген тұрмыстық қалдықтар су ағатын арнаны бітеп тастады. Енді көктемде елді мекенді қар суы шайып кете ме деп қауіптенеді. 

Базарбай Нұрғалиев, Жамбыл ауылының тұрғыны:

- Қар қалың болатын жыл болады ғой. Сол кезде бүкіл өлексенің бәрі осы жерде ауылға апарып бұрқ дегізеді. Қауіпті мынау қалың қар жауса болды, құрыдық дей бер, бүкіл ауылды басып кетеді. 

Шыныбек Әбдрахманұлы, Жамбыл ауылының тұрғыны:

- Мына жерде жылқының өлігі жатыр. Қойдың өлігі жатыр. Сиыр жатыр, қой жатыр. Оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Негізі оны мал өлексесін тастайтын орынға апару керек. Мынаның зиянкестігі енді ауылға ағып баратын болса коронавирустың зоры болайын деп тұр. Бәленің бәлесі.

Әкімдіктегілер ауылдың жоғарғы жағындағы 2 гектар жерді полигон ретінде пайдалануға рұқсат бергенін растап отыр. Бірақ одан тұрғындарға келер қауіп жоқ, дейді. 

Санат Шауқаров, Лабасы ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:

- Жаңағы жерден ауылға қауіп төнбейді. Ондай селдің келуі Жамбыл ауылында болып көрген жоқ. Бергі жағында халықтың өзінің төккенін тазалап полигонға жеткіземіз.

- Лабасы ауылдық округ бойынша санитарлық тазалыққа қанша бөлінді?

- Бізге қарастырылған, ұмытып тұрмын. Қағазға қарау керек еді нақтысын айта алмай тұрмын. 

Ауылдың өзінде де шешімін таппаған мәселе жетіп артылады. Райхан Тұғылбаева сияқты дәрігерлердің тіркеуінде тұрған зейнеткерлерге ең қажеттісі жаңа амбулатория. Өйткені қазіргі емдеу мекемесі біреудің үйі болған ескі ғимаратты пайдаланып отыр. 

Райхан Тұғылбаева, Жамбыл ауылының тұрғыны:

- Жататын, система жасайтын жері жоқ. Ешқандай жағдай жоқ. Бір ауылда сондай. Ленин деген бес шақырым жерде бар. Сол жерге барамыз.

Елді мекенде балабақша да жоқ. Бүлдіршіндер 2016 жылы ашылған мектептің шағын орталығына барады. 

Секер Шоқатаева, Жамбыл ауылының тұрғыны:

- Мына ескі мектепті бізге садик жасап берсе өйткені балаларымыз садикке Ленинге барады. Кировскіге барады. Қалтасы көтергендер апарады қалтасы көтермегендер апара алмайды. Кейбіреуінде мәшине бар кейбіреуі таксимен. Қаражат керек кәдімгідей. Ал ескі мектеп 2016-дан бері қарай қараусыз тұр. 

Айгүл Айманбекова, Көксу ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:

- «Балапан» бағдарламасы тоқтағандықтан жеке инвесторларды іздеп жатырмыз. Инвестор шықты. Ниет білдіріп отыр. Сенімді басқаруға алып, жергілікті атқарушы органмен жұмыс жасағанға. Қазір енді келіссөз жүргізіліп жатыр. Сәтті болған жағдайда жеке инвестор есебінен балабақша көтеретін боламыз. 

Клуб апатты деп танылғандықтан қалпына келтіруге жарамайды. Ал жаңасын салу әкімдіктің екі, үш жылдық жоспарында жоқ. Сондықтан тұрғындарға мәдени шараларды мектептің спорт залында өткізіп амалдауына тура келеді. 

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов