Ақмола облысындағы құс фабрикаларының халі мүшкіл

Себебі жемнің қымбаттауынан жұмыртқаның өзіндік құны шарықтап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалыптасқан бағада сатуға алдымен антимонополия рұқсат бермейді, одан қалды бәсекеге төтеп беру қиын. Сондықтан шығынға батып жатырмыз. Бұлай жалғаса берсе, құстардан құтылып, өндіріс көлемін азайтуға тура келеді, – дейді, кәсіп иелері. Бұл – жылына 320 млн дана жұмыртқа шығаратын еліміздегі ең ірі құс фабрикаларының бірі. Алайда, алып өндіріс ошағының қазір шаруасы шатқаяқтап тұр. Себебі тауықтарға жем тауып беру қиын. Ал бидайды бұрын көрші елден арзан бағада сатып алса, биыл оның да жолы жабылды. Салдарынан қазақстандық астық қымбаттап шыға келді.

Борис Оздоев, құс фабрикасының директоры: 

– Мәселен, қазір Ресейде бидайдың келісі 90-95 теңге болса, ал бізде 150 теңгенің маңайында. Бірақ соның өзін табу қиын. Осылайша жұмыртқаның өзіндік құны өсті. Бірақ ол бағада сата алмаймыз. Сөйтіп әр жұмыртқадан қазір 7-8 теңгеге шығынға батып жатырмыз. Бұлай жалғаса берсе, банкрот болуымыз мүмкін.  

Ал жазға қарай жұмыртқаға сұраныс азаяды. Соған қарамастан аймаққа Ресейден арзан өнім қаптап кіреді. Бұл жағдайлар да «жығылғанға жұдырық» болмақ. Фабриканы құрдымға кетірмеу үшін мұндағылар енді құстың санын ай сайын 10 процентке азайту жайлы шешім қабылдап отыр. Себебі қандай қиын жағдай болмасын, кәсіпорынды сақтап қалу қажет.

Борис Оздоев, құс фабрикасының директоры:

– Қызметкерлерді қысқарту әзірге жоспарымызда жоқ. Бізде 250 адам еңбек етеді. Бірақ олар да барлық өндірістегі мамандар секілді жалақының көтерілгенін қалайды, жүйелі түрде сыйақы алғысы келеді. Бірақ ол қазір өкінішке орай мүмкін емес.

Фабрика басшылығы енді мемлекеттен қолдау күтеді. Айта кету керек, елімізде биыл құс фабрикаларына берілетін субсидия да тоқтатылды. Ал жауапты басқарма өкілдері, қазіргі қиын жағдайды ескере отырып, аталған қаржылай қолдау қайта жалғасатынын айтады. Одан бөлек, жем алуға да жәрдем жасалмақ.

Қайрат Көшенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі:

– Азық-түлік корпорациясы арқылы 117 мың теңге 1 тонна бағамен жем берілетін болады. Қазіргі таңда нарықтағы баға 150 мың, 160 мың теңгеге дейін барып жатыр. Сол себептен, ол, былай қарап тұрса, 25 пайызға арзандатылған жем болады.

Ақмола облысында 4 бірдей құс фабрикасы бар еді. Бірақ олардың біреуі былтырғы жылдың соңында банкротқа ұшырап, ақырында жабылып тынды. Енді қалғандары да соның күйін кешпесе игі. Алайда жергілікті билік өкілдерін бұл қатты алаңдатпайтын секілді. Себебі сөздеріне қарасақ, өңірде жұмыртқа мен құс еті онсыз да жетіп артылады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко