Қостанайда күзетшілер жалақыны өсіруді талап етіп отыр

Күзетшілердің университет алдындағы наразылығы бірнеше сағатқа созылған. Кейін басшылық жиналғандарды ішке  кіргізіп, болған жәйттің себебін түсіндірді. Белгілі болғандай, жалақы мәселесінде оқу орнының ешқандай ықпалы жоқ. Тендерді ұтып алған павлодарлық мекеме. Демек бар өкпе-ренішті соларға сілтеген жөн, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сәлімжан Молдағалиев, күзетші:

Мынау тендер бәле болды. Тендерден аударып бізді лақтырып жатыр. 40-50 мың төлейміз дейді. Осы дұрыс па? Біздің кредитіміз, бала-шағамыз бар. Айлық көтерсін. Сосын біз қазір турникетті қарап отырмыз. Жылу бәрін қарап отырмыз. Ал негізі біз күзетшіміз.

Жаңа еңбек шарты бойынша университеттегі күзетшілердің табысы екі есеге қысқарады. Енді олар не жұмыстан шығады, не мардымсыз айлыққа көніп жүре береді.

Раушан Кәкенова, вахташы: 

Бізге 60 мың теңге ұсынып отыр. Зейнетақы, табыс салығын қоса есептегенде қолымызға тиетіні бар-жоғы 40 мың боп тұр. Жалғыз өзім жатақханадағы 400 студентті қадағалап отырамын. Бұдан өзге тағы үш-төрт міндетті артып қояды.

Жоғары оқу орны күзет мекемелерінің қызметін былтырдан бері пайдаланады. Бұл жолғы келісімшарттың мерзімі 5 мамырда аяқталады. Енді тендер нәтижесіне сай аталған міндетті басқа қаланың мекемесі орындайды. Олармен жасалған келісімнің құны 40 миллион теңгеге бағаланған.

Ербол Исақаев, А. Байтұрсынов атындағы ҚӨУ ректорының міндетін атқарушы:

Бұл компаниядан бар міндеттемелердің орындалуын талап етеміз. Жұмысшыларға бар жағдай жасалады. Қазір осының бәрі ретке келітіріліп жатыр. Егер қызметкерлер ұсынылған еңбек шарттарымен келіссе, жұмысын әрі қарай жалғастыра береді. Керісінше болған жағдайда, жұмыстан шығу олардың өз еркі.

Күзетшілердің айлығы неліктен қомақты сомаға қысқарғанын білу үшін  павлодарлық мекеменің өкілдеріне хабарластық. Бірақ олардан ешқандай жауап болмады. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров