«Балалар жылы» аясында фестиваль өтті

«Балалар жылы» аясында өткен фестивальге Бекзат Юсупов, сапалы жол салуға арналған тың жобасын алып келген. Өзінің айтуынша, идея өзекті мәселені шешуден туды. Нәтижесінде, мектептегі мұғалімімен бірге жолдың тақтайдай тегіс болуы үшін әдеттегіден үш  қатарлы емес, 6 қабаттан тұратын асфальттың жаңа әдісін ойлап тапқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бекзат Юсупов, оқушы:

Бұл геосеткалары щебень тастар мен бетондарды байланыстырып тұрады және де ол да біздің асфальтіміздің отырмауына да әсер етеді. Бұл менің асфальтім 50-40 жылға дейін сапалысына кепілдік беріледі. Болашақта бұны Қазақстанның жолдарына да жасайды деп ойлаймын.

Фестиваль республикалық және халықаралық деңгейде өткен түрлі бағыттағы байқау жеңімпаздарының басын қосты. Олардың арасында қоршаған ортаны қорғауда, апатты жағдайлардан алдын-ала хабар беретін және құрылыста қолдануға болатын жаңа технологиялар ойлап тапқандары да бар. Мұндай жас дарындыларға биыл жан-жақты қолдау көрсетілмек. Облыс бюджеті есебінен тарихи-мәдени орындарына апару және жазғы демалысты тиімді өткізуге жағдай жасалады. Ал, басты басымдық аймақтағы барлық баланың сапалы білім алуына берілмек.

Бұлбұл Елеусінова, облыс әкімінің орынбасары:

Балалар жылының аясында Ақтөбе облысында 11 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Шағын және орта бизнестің қолдауымен 26-дан астам мектепке дейінгі ұйымдар өз қызметін бастайтын болады. Биыл сонымен қатар облыстық бюджеттен 56 мектептің материалдық-техникалық базалары жаңартылады.

Аз қамтылған отбасының балалары да назардан тыс қалмайды. Биылдан бастап қосымша бес мың жеткіншекке арналған үйірмені іске қосу қөзделіп отыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев