Жастарға пәтер беру бағдарламасынан өткендер арасында баспананы әлі алмағандар бар

Былтыр қараша айында 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз пәтер алуға конкурс өтті.

Іріктелген 1050 адам су жаңа үйге кіруі керек еді. Дегенмен, осы уақытқа дейін үйлерін ала алмай жүргендері бар. Сұрақтарына жауап іздеген жастар әкімдікке барды. 

Мемлекеттік бағдарламадан тағы да ши шықты. Бұл жолы пәтер кілтін ала алмай жастар сан соғып отыр. Үшінші жыл қатарынан «елордалық жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз пәтер беріледі» деп көпшілік төбелері көкке жетердей қуанғаны рас. Қуаныш ұзаққа созылмады, биыл пәтер уақытылы тапсырылмай, салдарынан 156 адам әкімдік жағалап әлі жүр. Күткендеріне жарты жылдан астам уақыт болған.

Аружан Серік, қала тұрғыны:

- Бізде ақша жоқ деп управление строительства города Астаны. Бізде аудиозапись барлығы бар. Сол жерде айтылған бізде ақша жоқ, тіпті біз причинасын білмейміз деп, мысалы. Сол кезде сұрадық ақша қайда бұл бағдарлама бірінші жыл емес үшінші жыл жасалып жатыр. Осы жылғы қаржыландыру қайда десек ондай сұрақтарға ешкім бізге жауап бермейді. 1050 кв осы жылы бөлінді ғой. Оларда аз күткен жоқ тура осылай теледидар жағалап жүрді. Бұл осы біздің акиматқа жилфондқа, управление жильяға барлығына шағымымыз бұл бірінші рет емес телевиденияға шығып жатқанымыз бұл бесінші рет шығар қателеспесем.

Әкімдік өкілі қыста құрылыстың тоқтайтынын алға тартты. Қазір пәтерді тапсыруға құрылыс компаниясының тиісті жұмыстарды аяқтауын күтіп отыр. Жауапты құрылыс компаниясы шаруаның шаш етектен екенін айтып ақталды. Мемлекеттік бағдарламамен берілетін үйдің уақытылы тапсырылмауына кім кінәлі, не кедергі.

Нимат Ахметжанов, Тұрғын үй басқармасы бастығының орынбасары:

- Қыс уақытында жұмыс тоқтап тұрды. Осыған дейін тапсырылған үйлерді әкімдік салды. Ал бұл Қайнар тұрғын үйін би-ай груптан сатып алдық. Енді құрылыс компаниясы жұмысын аяқтауы керек соны күтіп отырмыз.

Сұрақтарына жауап іздеп келген жастарға әкімдік өкілі шығып жауап берді. Бір жарым ай уақыт керек екенін айтты. Мәселені түсіндіруге тырысты. Уәдені үйіп төкті. Айтқан жауап осы.

Нимат Ахметжанов, Тұрғын үй басқармасы бастығының орынбасары:

- 15 маусымға дейін үй кілті табысталады. Қазір ол үйге инженерлік желілер тартылып жатыр. Толық дайын болған кезде күтіп жүрген жастардың барлығы кілттерін алады. Ал қазір сабыр сақтау керек. Біз техникалық тұрғыда дайын емес үйге адамдарды кіргізе алмаймыз. Мойындаймыз, уақытынан кешігіп жатырмыз, бірақ бұл құрылыс, оны да түсінулеріңіз керек. Уәде беремін 15 маусымға дейін барлығы пәтер кілттерін алады.

Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында 1050 пәтер кілті табысталуы керек еді. Қайнар тұрғын үй кешеніне 150-ден астам адам есігінен ене алмай күн санап жүр. Барлығы жұмыс істейтін жастар. Конкурс арқылы іріктеліп, пәтерлі боламыз деген қуаныштары су сепкендей басылған.

Гүлзия Нақыпқызы, Ербол Дайыров, Марат Диханбаев