ШҚО-да ең ұзын көпірдің құрылысы басталды

Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырманың үстінен салынатын көпірдің алғашқы тірегі қадалды. Құрылысшылар жұмысты үздіксіз жалғастыру үшін барлық амалды қарастырып жатырмыз дейді. Мәселен, биыл Қызылсу өткелімен қатынайтын ескі паромдар Бұқтырманың бетіне жылдағыдан ерте шықты. Қажетті материалдарды жылдам жеткізу үшін айдынның беті мұздан аршылып, су көліктеріне жол ашылған.

Негізгі көпірдің алғашқы тірегі салынды. Әлі жұмыс шаш етектен. Сондықтан Нигматулла Абдулхақовтың айтуынша, әрбір күн қымбат. Жел мен дауылды жұмысқа кедергі санамайтын болған. Тіпті екі бетке қатынап жүрген ескі паромдарды жылдағыдан ерте жүргізіп, жұмыс қарқынын күшейтті. Өйткені құрылыс материалдарының уақтылы жетуі маңызды. Қазір негізгі көпірді салуға арналған уақытша құрылғы салынып жатыр, әрі қарай барлық жұмыс қатар жүреді. 

Нигматулла Абдулхақов, көпір құрылысының жетекшісі:

- Қиындық жоқ емес, климат күрделі. Біресе жел тұрады, біресе күрт суытып кетеді, бірақ жұмыс тоқтамау керек. Кері қарай жол жоқ. Қайтсек те межелі  мерзімінде салып бітеміз деген сенімдеміз.

Жоба құны бастапқыдан қымбаттады. Әуелі 30  миллиард теңгеге шамаланса, енді ол 50 миллардтан асты. Өйткені көпір құрамына 16 шақырым жол қосылған.Ол жол қорық ішімен өтетіндіктен тиісті келісімдерді жасау жағы да ұзаққа созылған. Бұған қоса 18 жасанды құрылғы да бой көтереді. 

Қазір бұл жерде 100 адам жұмыс істеп жүр. Андрей Идрошников бетон діңгектердің құйылуын қадағалайды. Өйткені технологиялық талап сақталмаса еңбек еш кетеді.

Андрей Ядрошников, монтаждаушы:

- Ең бастысы, бетонға су араласып кетпеуі керек. Соған көңіл бөлеміз. Сондықтан бетон арнайы құбыр арқылы жіберіледі.

Ұзындығы 1300 метрге жететін Бұқтырма көпірінің құрылысы әрі-бері өткен жергілікті тұрғындардың да назарында. «Басталмай жатып тоқтап қалатын жобалардың бірі болар ма» деп алаңдаған жұрттың күдігі қазір ептеп сейіле бастағандай.

Заманбек Нұрпейісов, Самар ауылының тұрғыны:

- Мына жақта салғанын естігем, ана жақтан басталған жоқ па деп ойлағам, тамаша жол сап жатыр, анадай жол істеген соң аяғына жетпейді деп айта алмаймын, жетеді деп ойлаймын. 

Егер қаржылық кедергілерге ұшырамаса, күршімдіктер 3 жылдан соң орталыққа еліміздегі ең ұзын көпірлердің бірі арқылы қатынайды. Әзірге күндері 50 жылдық тарихы бар ескі паромдарға ғана қарап тұр. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов