Біздегі урбанистика деңгейі қандай?

2030 жылға қарай әлемдегі 10 млн халқы бар қалалар саны 43-ке жетеді. БҰҰ-ның мәліметі осындай. Қазақстанда қазір үш ірі мегаполис бар. Ауылдан қалаға көшіп жатқандар жетерлік. Бірақ жаһанға шаққанда анау айтқандай көп емес екен. Біздегі урбанистика деңгейі қандай?

Қазақстанның астанасы әлемдегі ең әдемі қалалардың бірі. Бейбітшілік ордасы. Шетелдіктер үшін ұялмай көрсететін жауһарымыз. Аспанмен астасқан ғимараттар, түрлі архитектуралық нысандар қала көркіне көрік қосып жатыр.

Елордалықтар мұндай құрылысқа үйреніп те қалған. Бірақ қаз-қатар тізілген үйлердің жанындағы инфрақұрылым жайы көпшілік көңілінен шыға бермейді. Төрт тараптың түйткілі ортақ. Бір ғана Есіл ауданында 44 мыңға жуық адам тұрады. Оларды аула, ойын алаңқайларының ескіруі, сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолы мен автотұрақтардың жоқтығы алаңдатады.

Сапарғали Айшуақов, тұрғын үй төрағасы:

- Міне бүкілі тозды. Ескірді. Балалар мертігіп қалуы мүмкін. Соған жаңадан саламыз деп, өзіміз осындай проектіні жасап, оны бекітіп, халыққа бүкіліне айтып, міне өте ризамыз, бәрін бізге істейміз деп жатыр. Тағы бір өтінішіміз бар, мына плиталар ұшады. Өзіміз қорқамыз жанында жүруге. 

Есіл ауданында жөндеуді қажет ететін 54 аула бар. Тұрғындар "Халық қатысатын бюджет" жобасына үміт артып отыр. 

Жарқын Айтжанов, Есіл аудандық әкімдігі абаттандыру бөлімінің басшысы:

- Соңғы үш жыл мерзімде "Бюджет народного участия" бағдарламасы жүзеге асырылуда. Сол бағдарлама бойынша әр тұрғын сол тұрғын үй кешені бойынша бізге. Сол өтініштерді біздің эксперттік құрамы анықтап, шешімге шығамыз. Бүгінгі таңда сондай 75 өтініш келіп түсті. Оның қорытындылары қазір аяқталуда. Біз жұмысты толығымен жалғастырамыз.  

Жыл сайын Елордада халық саны өсіп келеді. Мұндай тенденция Шымкент пен Алматыға да тән. Бірақ мамандар жалпы алғанда "біздегі урбанистика көрсеткіші өзге елдерден бәсең" дейді.

Рахим Ошақбаев, "Qazurban" қауымдастығының негізін қалаушы:

- Замануи урбанизмнің ұраны - адамдарға арналған қала деп аталады. Дұрысында үлкен қалалар жаяу жүргіншілер үшін тиімді болуы керек. Тығыз орналасқан құрылыс нысандары көлігі жоқ адамдарға кедергі болмауы керек. Қалалық инфрақұрылым ыңғайлы әрі қолайлы болуы маңызды. Әр қызмет көрсету орындары жақын орналасуы тиіс. Үлкен шаһарлар мен шағын қалаларда бұл мәселе қалай шешіліп жатқанын анықтау керек. 

БҰҰ дерегінше, алдағы 10 жылда әлемде 10 млн халқы бар қалалар саны 40-тан асады. 90-жылдардың басында ол 10-ға тең болған. Алып қалалардың дені дамушы елдерде пайда болады. Біздегі жағдай қалай өзгеретінін уақыт көрсетеді. Бірақ мамандар көзсіз құрылысқа емес, ғылыми негіздерге сүйену маңызды дейді.

Ерлан Аукенов, урбанистика жөніндегі сарапшы:

- Қаланы жобалауда мән беретін дүние көп. Мысалы, кеңес дәуірінде ені 100-200 метрге дейін баратын көшелер болатын. Бірақ бұл қаланың бюджетіне салмақ түсіреді. Жылу магистралі, сумен қамту, жарық беру, тізе берсең, шығын көп. Дұрыс жоспарлау мен ғылыми түрде әрекет ету қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. 

Рахим Ошақбаев, "Qazurban" қауымдастығының негізін қалаушы:

- Біз жүздеген жаңа нысанның бой көтергенін көрдік. Ал тұрғын үй нарығында жоғары бәсекелестік болған кезде олар бағаны көтермеуге мәжбүр болады. Құрылыстың өз құны оған қарап тұрмайды ғой. Мұндай қайшылық нәтижесінде жоспардағы құрылыс нысандары дер кезінде аяқталмай қалуы мүмкін. Бұл дегеніміз үлескерлердің жағдайы қиындайды. Болжам бойынша алдағы 2-3 жылда 25 мыңдай проблемалы үлескер пайда болуы мүмкін. 

2050 жылы әлем халқының үштен екі бөлігі қалада тұрады. Қазір бұл көрсеткіш 60 процентке шақ қалған. Елімізде де ауқымды жоспар бар. Алдағы 10 жылда 5 млн адам мегаполистерге көшеді. Құрылыс қарқын алып жатқанымен халықты баспанамен қамту өзекті болып қала бермек. Қазірдің өзінде елде шамамен 3 млн жуық адам пәтер жағалап жүр. 

Мерей Мұратханқызы, Ерлан Наурызбаев, Ырыстанбек Оспанов