Жуков ауылының оқушылары тозығы жеткен мектепте оқып жүр – Қостанай облысы

Оқушылар іргетасы іріп-шіріген мектепте білім алып жүр. Қостанай облысы Жуков ауылына жаңа білім ұясы керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ шенеуніктер жергілікті жұрттың жайын басқаша шешуді жөн көреді. Әкімдік ауылдағы мектепті жауып, оқушыларды бес шақырым қашықтағы көрші ауылға ауыстыруды жоспарлап отыр.Жуков негізгі орта мектебінің іргетасы ХІХ ғасырда патша заманында қаланды. Бас кезінде көпестің үйі болған. Кейін балалардың сауатын ашу игілігіне беріліп, 1970 жылы қосымша ғимарат салынды. Қазір әбден тозып, іші-сырты шіріп тұр. Қабырғасы кедір-бұдыр. Артем Котин қаладан келіп, жергілікті құс фабрикасында еңбек етіп жатқан жас маман. Ауылдағы тірлігі көңілінен шығады. Тек кішкентай қызының келешегіне алаңдайды.

Артем Котин, Жуков ауылының тұрғыны:

Қызым сонда мектепалды даярлықта оқиды. Бұдан басқа амал жоқ. Талапқа сай келмейтін ғимаратқа беруге мәжбүр болдық.

Дене шынықтыру сабағы 14 шаршы метрге тең қуықтай бөлмеде өтеді. Аумағы кәдімгі спортзалдан 20 есеге тар. Қыста балалар жеңіл-желпі жаттығу жасаумен шектеледі. Ал күн жылығанда далада доп қуып алаңсыз бой жазуға асығып тұрады.

Мұнда, химия, физика пәндерінің арнайы сыныптарын айтпағанда, қарапайым киім ілетін орын да жоқ. Кіреберіс, жоғарыға көтерілетін баспалдақ тар. Бетін қанша жамап-жасқағанымен екі ғасырлық ғимараттың барынша ескіргені көрініп тұр.

Сара Аязбаева, Жуков негізгі орта мектебінің мұғалімі:

– Математика кабинетімде тұрған шкаф 70-80 жылдан ба, білмеймін. Екінші қабаттың балалары жүргенде айтамыз «Ақырын жүріңдер» деп. Неге десең, төбесі түсіп кетеді. Бұл ғимарат ескі. Жөндеуге келмейді. Сол үшін жаңа мектеп керек.

Қостанай ауданында 46 мектеп болса, соның жетеуі талапқа сай емес. Білім бөліміндегілер бұл проблеманы біртіндеп реттейміз деп отыр.

Айгүл Хасанова, Қостанай аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары:

Бұл проблемадан хабардармыз. Бюджеттік тапсырыс беріп ғимаратты техникалық зерттеуден өткіземіз. Әрі қарай не істеуге болатыны содан кейін шешіледі.

Елді мекен қаладан небәрі 35 шақырым қашықта. Табиғи газ тартылған. Жұмысы жанданып тұрған шаруашылықтар да бар. Қысқасы тіршілікке қолайлы. Бірақ мектептің талапқа сай келмеуі сырттан жұмыс күшін тартып, халық санын көбейтуге басты кедергі.

Әсия Юсупова, «Жуков ауылын жаңғырту» бағдарламасының үйлестірушісі:

– 2019 жылдан бері ауылға қолдан келген көмекті аямай көрсетіп келеміз. Даму орталығын салып, жаңа шағын маркет аштық. Соңғы кезде оңтүстік облыстардан қоныс аударып жатқандар көбейді. Осы ретте қазақ тілді мектеп бой көтерсе деген ұсынысымыз бар.

Ескі ғимарат жөндеуге келмесе, оның орнына жаңасы салынуы екіталай. Арнайы көлік шығарып, оқушыларды көрші ауылға тасымалдаған әлдеқайда тиімді, деп есептейді білім бөліміндегілер. Ал тұрғындар мұндай шешімге үзілді-кесілді қарсы. Олар ауыл өркендеу үшін заман талабына сай жаңа мектептің салынғанын қалайды.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедяров