СҚО-да кәсіпкер халықтың жерін банкке кепілге қойып жіберген

Оны ел енді ғана біліп отыр. Жер туралы жиынға сонау Елордадан да адамдар келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Тайынша-Астық» ЖШС-нің құрамына Зеленый Гай, Ясная Поляна және Кирово ауылдарының тұрғындары кіреді. Кәсіпкер олардың жер үлестерін банкке кепілге қойып жіберген.

Александр Подшибякин, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– «Тайынша-Астық» ЖШС-нің бұрынғы директорына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол біздің жерімізді 3 банкке кепілге қойып жіберген. Қолды тұрғындарды алдап қойдыртып алған.

Саждат Тимаева, Зелёный Гай ауылының тұрғыны

Бәрімізді шақырып «қол қойыңдар, әйтпесе жұмыссыз қаласыңдар» деді. Мен ол кезде құрылыста істедім. Амал жоқ, келістік. Қағазда түк жазылмаған. Ақ парақ қана.

Қарапайым халықтың кепілге қойылған жерін банктен басқа кәсіпкер сатып алған. Енді инвестор үлескерлерге жаңа келісімшарт ұсынып отыр. Бірақ онымен тұрғындар келіспейді.

Ануар Қабылжапаров, Зелёный Гай ауылының тұрғыны:

Гектар қоймай тұр. Анау қандай бізде жер. Сосын алып жатқанда 30 жылға дейді алып жатқан жер. Қалғанын анау ақшамен береміз дейді. Бір гектарға 2 мың.

Тұрғындардың айтуынша, жаңа келісімшарт кәсіпкердің ғана мүддесін қорғайды. Құжатта үлескерлердің жері жазылмаған. Серіктестік құрамынан шығу тәртібі де қисынсыз көрінеді. Шаруашылық директоры бұл туралы былай дейді.

Анатолий Сарницкий, «Тайынша-Астық» ЖШС директоры:

– Қазір жаңа ЖШС құрылып жатыр. Тұрғындарға бұрынғы шарттар ұсынылды. Сол пайларын алады. Ешкімді мәжбүрлеп жатқан жоқпыз. Әркім өзі біледі. Бұл туралы бұған дейін де бірнеше кездесу өткіздік.

Қазір тұрғындар меншік иесі құқығынан айырылып қалған. Сондықтан олар сатылып кеткен жерді қайтарып беруді талап етіп отыр. Жергілікті билік өкілдері ашынған жұртты сабырға шақырып, жаңа инвестордың сөзін сөйледі.

Ерлан Жаров, Тайынша ауданы әкімінің орынбасары:

– Жаңа инвестор сіздерді жаңа ЖШС-нің құрамына кіргізіп, ешкімді үлессіз қалдырмаймын деп сөз берді. Ол жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысты. Шаруашылық директоры осында тұр. Ұсыныстарыңызды айтыңыздар. Біз оған араласа алмаймыз. Бұл азаматтық-құқықтық қатынастар болып саналады.

 

Ал ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлері адамдардың жерсіз қалғанын мойындап отыр. Жаңа инвестор тұрғындардың үлесін әлеуметтік көмек ретінде ғана береді.

Қатыран Қарманов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Заң бойынша тұрғындар жерлерінен айырылып қалды. Бірақ инвестор үлескерлер алдындағы міндеттерін толық мойнына алып отыр. Оның әлеуметтік жауапкершілігі туралы жергілікті билік өкілдері мен прокуратура қызметкерлері тиісті жұмыс жүргізді.

Әзірге тұрғындар жерді кепілге қойған директордың үстінен полицияға арыз жазды. Қазір «алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев