БҚО-да тасқын судан зардап шеккен жұрттың мал шығыны өтеле ме

Батыс Қазақстан облысында тасқын салдарынан 191 бас мал өлді. Олардың көбі дерекқорға тіркелмеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал қалғаны сақтандырылмаған. Мұндай жағдайда мемлекет пен компаниялар тарапынан өтемақы берілуі екіталай. Шығынға батқан шаруалар алаңдай бастады. Күні малға қараған жандардың жайы не болады? Шалғын ауылындағы шаруа Сыдық Мұхамедияров тасқын салдарынан 3 бұзауынан айырылды. Қора жайды қызыл су басқанда төлдерді жеңіл көлікке тиеп, ауылдан алып шықпақ болыпты. Алайда орта жолда көлік батып, кейін тасқын астында қалған. Шаруа жүксалғыштағы бұзауларды шығарып үлгермепті.

Сыдық Мұхамедияров, Шалғын ауылының тұрғыны:

– Жас туған бұзаудың байладым аяғын. Суға қарай қашады ғой өйткені. Бұзау қашқан жерде сиыр да суға қарай шабады. Сиырды өзім айдап кеттім. Мына жерге машина батты. Әйелімді жетектеп, әкемнің үйіне қарай бардым. Үш бұзаутұншығын өлді, иә.

Ауылда табиғи апат кесірінен 48 бас мал қырылды. Соның бесеуі ғана дерекқорға тіркелген екен. Ал ешқайсысы сақтандырылмаған. Шаруалардың көбісі мұндай жүйеден хабарсыз екенін айтады.

Мереке Шадияр, Шалғын ауылының тұрғыны:

Төлейміз деді ғой. Төлейтін болар енді. Үкімет көмектесетін болар. Ұсақ мал, иә. – Ал страховка жоқ. Ондай біздерде жоқ қой. Ондайды айтпайды ғой. Ондайдан хабарымыз жоқ біздің.

Мербол Есендосов, Қаратөбе аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Сақтандырылмағасын жерде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен де, болмаса басқалай сақтандыру қорлары арқылы да ешқандай шығындар өтелмейді. Бірақ біздер осы аудан көлеміндегі шаруа қожалықтарының көмегімен шығындарды жабу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырып жатырмыз. Сақтандыру компаниясының әртүрлі өзінің талаптары болады. Жылына бір рет төлейтіні болады, жарты жылда бір рет төлеп қоятыны болады. Түсінік жұмыстарын жиналыс сайын елді мекендерді аралау кезінде жүргіземіз әлі де.

Тілсіз жау салдарынан екі ауданда 191 бас мал өлген. Төтенше жағдайлар жөніндегі аймақтық кеңес отырысында шаруалардың шығыны жабылатыны айтылды.

Тілепберген Каюпов, облыс әкімінің орынбасары:

– Қаратөбе ауданы, Шалғын ауылы шығынға ұшыраған мал саны 48 бас. Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылы бойынша шығынға ұшыраған мал саны 128 бас. Толықтай жеке және демеушілер есебінен өтелді.

Мамандар әрбір төлді уақытында дерекқорға енгізіп, төрт түлікті сақтандырып қоюға кеңес береді. «Табиғи апатпен қатар, малдан ауру шыққан кезде де шығынды толыққанды өтеп алуға болады» – дейді олар.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов