Ю.Ильин: Тікұшақты тексеру мерзімі қысқаруы тиіс

Қазақстанда құрастырылған тікұшақтар Қырғызстанға экспортталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл көрші елдің төтенше жағдайлар министрлігінен H 215 еврокоптеріне тапсырыс түскен. Елдегі зауыт басшының айтуынша, Қырғызстанға осындай еврокоптердің бесеуі жеткізілуі мүмкін. Бұл туралы еліміздің төтенше жағдайлар қызметіне жаңадан құрастырылған тікұшақты табыстау кезінде мәлім болды. Жалпы елімізде санитарлық авиация, құтқару және өртті барлау жұмыстарына арналған осындай 15 әуе көлігі бар. Алайда оларға техникалық қызмет көрсету мерзімі тым ұзаққа созылатындықтан, мәселе туындайды. Әдетте орташа жөндеуден өткізу мерзімі 60 күннен аспауы тиіс.

Юрий Ильин ҚР төтенше жағдай министрі:

– Бұған дейінгі тікұшақтардың партиясын алдырған едік. Бір уақытта алдырған 6-8 тікұшақ регламент бойынша тиісті тексеру-жөндеуден өтуі тиіс. Бұл өз кезегінде жұмысымызды жедел жүргізуге кедергі келтіреді. Қажет бөлшектердің Еуропадан уақытылы жеткізілмеуі салдарынан кей кезде жөндеу жұмысы жарты жылға созылып кетеді. Ал Қазақстан азаматтарын құтқаруға арналған тікұшақтарды бұлай ұзақ уақыт бойы қаңтарып қоюға болмайды.

Клеманс Бастьен, бірлескен кәсіпорынның бас директоры:

– Техникалық қызмет көрсетудегі мерзімнің созылып кетуі жоспарлы жұмыстарды ҚазАвиаспаспен үйлестіруде және тікұшақтарды техникалық тексеруден өткізуге кедергі келтіреді. Кей операцияны жүргізу қажет екенін алдын ала болжап білмейміз. Енді «Қазавиаспаспен» тығыз жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз.