Қонаев қаласы болып өзгерген шаһар жаңаша түрленбек

Бүгін бұрынғы Қапшағай, қазіргі Қонаев қаласындағы жол белгілері мен ғимараттардағы мекенжай тақтайшалары ауыстырыла бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа леп ескен шаһардың бас жоспары қайта жасалып, ауқымын кеңейтуге әзірлік басталып кетті. Қазір қала тұрғындарын қандай мәселе алаңдатады? Бүгіннен бастап Алматы облысының жаңа орталығы бекітіліп, сиясы кеппеген жазу қаланың кіреберісіне ілінді. 50 жыл болған Қапшағай атауы енді өткеннің еншісінде.

Кеше сүйінші хабарды естіген жауапты мекеме қызметкерлері бүгін таң ата жұмысқа кірісіпті. Алғашқы болып қалаға кіреберістегі жазу ауысқан. Ал мемлекеттік мекемелердің маңдайшасындағы белгілер енді «Қонаев қаласы» деген тіркестен басталады. Облыс орталығы болған соң алда атқарылатын шаруа көп. Соның бірі жаңа әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үйлерді салу керек.

Нұрлан Құматаев, Қонаев қаласының әкімі:

Инфрақұрылым толығымен жаңаратын болады. Қазір енді үлкен-үлкен жұмыстарға дайындық жүріп жатыр. Бас жоспарға өзгерістер енгізіп, қаланың жалпы бас жоспары өзгеріп оның көлемі ұлғаятын болады. Дайындап қойған жаңағы жер телімдеріміз бар.

Қазіргі таңда Қонаев қаласында 52 өндіріс орны орналасқан. Одан бөлек «Арна» атты индустриалды аймақ бар. Тұрғындардың біразы соларда жұмыс істейді. Индустриалды аймақта алдағы уақытта тағы 4 мың жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Жаз шықса, туризм саласы қыза түседі. Дегенмен алпыс шақырым Алматыға қатынап, нәпақасын тауып жүргендер де аз емес. Тұрғындар болса, жұмыс орындарынмен бірге әлеуметтік және мәдени салалар қатар дамыса – дейді.

Сәния Жұмабаева, Қонаев қаласының тұрғыны:

– Қонаев қаласында үлкен-үлкен жұмыс орталықтары салынса екен дейміз. Өйткені жастардың қаласы сол үшін біздің сұранысымыз қаламыз үлкен болып дами берсе екен. Алматыға емес, біз Қонаевта емін-еркін бәрі болса екен деп тілейміз.

Құндызай Ахан, Қонаев қаласының тұрғыны

– Облыс орталығы болғандықтан ойын-сауық орталықтары көбірек керек деп ойлаймын және парктер мен саябақтармен көп қолға алу керек деп ойламын. Көбірек әсемдік керек сияқты, көгалдандыру көбірек керек сияқты.

Қазір казинолар көше ме деген сұрақ та көпшілікті толғандырып отыр. Салық түсімі бойынша өзге саладан алда екен. 3,5 мың адам сол казиноларда жұмыс істейді. Бірақ олардың болашағына қатысты әзірге ешқандай шешім жоқ.

Нұрлан Құматаев, Қонаев қаласының әкімі:

– Жұмыспен қамту жағынан өте үлкен үлес қосып отыр. Екінші жағынан, біз салық жағына келетін болсақ, оның түсіп жатқан салық көлемі өте ауқымды. Былтырдың өзінде 2021 жылы бізде 83 миллиард теңгеге жуық салық түсірілді, ол республикалық және жергілікті бюджетке.

Қалада бүгін мереке. Облыс орталығы болып, жаңа атқа ие болған қала тұрғындары тарихи күнді ескерусіз қалдырмады. Концерттік бағдарлама қойып, флешмоб ұйымдастырды.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев