Үйсіз үйлену қиын – бойдақтар

Ақтөбе облысының тумасы Еркебұланның жасы 33-те. Бойдақ. Елордаға келгеніне 2 жылдан асты. Қазіргі таңда бас шаһарды газдандыру компанияларының бірінде дәнекерлеуші болып жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Алатын жалақым тек қара басыма жетеді. Сондықтан үйленуге асықпаймын, бұйырғаны болар», дейді.

Еркебұлан Ешпанов, қала тұрғыны:

Мына тұрған қыз екен. Ала салайын. Отбасы құра салайын дейтін зат емес қой. Жақсы көріп, сүйетіндей, өзіңді білетіндей, ол сені білетіндей азаматша болса, әрине үйленуге қарсылық жоқ. Мәселе ақшада да бар. Ақшасыз да шешуге болатын дүниелер бар.

Еркебұлан – үйінің кенжесі. Қара шаңырақ иесі ретінде 35-ке дейін үйлену керектігін жақсы түсінеді. Бірақ қазіргі қыз-келіншектердің талабы тым жоғары, дейді. Алайда Ботакөз есімді келесі кейіпкеріміз бұл пікірмен әсте келіспейді.

Ботакөз Әлімұратова, қала тұрғыны:

Қыздардың ғана талабы өсті дей алмаймын. Қазір жігіттердің де болашақ жарына деген талабы жоғарылады. Олар қыздың өзінен бұрын ата-анасына, қаржылық жағдайына, білімі мен жұмысбастылығына қарайды.

Ал Ботакөздің жары Әділет «бар мәселе тек ақшада» дейді. Десе де өзі үйленгенде басында пәтері, астында көлігі болмағанын жасырмады.

«Бас екеу болмай, мал төртеу болмас». Танысу орталығының жетекшісі Раушан Жұмағазықызы осы нақыл сөз астарын клиенттерінің көп түсіне бермейтінін айтады. Айтуынша, келген 10 адамның екеуі ғана өз теңін табады.

Раушан Жұмағазықызы, танысу орталығының жетекшісі:

Қыздардың талабы жігіттің жұмысы бар болсын. Ертең семья құрғаннан кейін бала-шағалы болады. Баспанасы болмаса, уже ойлана бастайды. Ертең қалай өмір сүреміз деп. Бірде үш қыз келді. Екеуі тұрмысқа шықты. Үшіншісіне табылмады. Талабы биік болды. Ой маған анандай керек. Жалақысы үлкен болсын. Үйі бар болсын. Өзі әдемі болсын. Содан кейін жүрді қалды ол қыз.

Бірінші некеге тұрған ерлердің орташа жасы 27,9. Ал әйелдердің орташа жасы 25,2. Былтыр 48 мыңнан астам неке бұзылды. Ажырасу көрсеткіші мың адамға шаққанда 2,5 жағдайды құрап, 2020 жылғы деңгейде қалды.

Бақытгүл Өтеулина, Ұлттық статистика бюросының басқарма басшысы:

- Ең жоғарғы ажырасу деңгейі Павлодар облысы мен елордада орын алған. Мың тұрғынға шаққанда 3,5 ажырасудан келеді. Бұзылған некелердің ең көп үлесі 29,2 проценті 1 жылдан 4 жылға дейін. 26,3 проценті 5 жылдан 9 жылға дейін созылған некелер.

Ал ажырасу көрсеткіші төмен өңірлердің арасында бұрынғыша Түркістан облысы көш бастап тұр. Мың тұрғынға шаққанда небәрі 1,2 жағдай.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ержан Қанапияұлы, Ақылбек Есімсейітов