Атырауда өзеннен өтетін көпірлер жөндеуді қажет етеді

Атырауда өзеннен өтетін көпірлер жөндеуді қажет етеді

Жайық Атырауды қақ жарып ағады. Өзеннің қос қапталындағы мұнайлы шаһардың халқы көпір арқылы қатынайды. Бірақ осы өткелдің көбі тозып тұр.

20 жылдан бері жөндеу көрмегені бар. Жолсоқты болып, сарсаңға түскен жүргізушілер мен жолаушылардың өкпесі зор.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Бұл «Тұрғындар қалашығы» мен «Авангард» мөлтек ауданын жалғап тұрған көпір. Күніне мыңдаған көлік өтеді. Қазір бұл көпірдің күйі қашқан. Жыл сайын жамап-жасқағанымен жауын-шашыннан кейін қайтадан баяғы қалпына түседі. Көліктер көпір үстіндегі ой-шұңқырдан қашамыз деп кейде тіпті жол-көлік оқиғалары да орын алып жатады. 

Бұл көпірдің құрылысы 2008 жылы басталып, 2 жылдан кейін пайдалануға берілген еді. Содан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Уақыт өткен сайын көпір үстіндегі шұрық-тесік те көбейіп барады. Жүргізушілер көліктерінің сынғанына жөндеусіз жатқан жолды кінәлайды.

БЛИЦ:

- Мосттағы жолды айтам: шұрық-тесік. Әлі жөнделмеген. Жартысын жөндеген де, жартысы жөнделмеген. Не масқара мынау деген? Машинаның ходовой қоймайды. Әне машиналар өтіп жатыр, шұрық-тесіктен бір-бір машинамен соғыла жаздайсың. 

- Түнгі уақытта ДТП болып жатады. Мысалы, шұңқырдан қашу. Сол кезде шұңқырға түсіп, ходовой кетіп қалады, мысалы. Осындай тягаларды жиі ауыстырамыз. Бағасы да біраз тұрады. Сол көпір мәселесін жақсы етіп қараса. Квадрат-квадрат қылып жамай бергеннен гөрі дұрыстап салғаны дұрыс деп ойлаймын. 

1965 жылы салынған орталық көпірдің де жөндеу көрмегеніне 20 жылдан асты. Осыдан екі жыл бұрын жылу желілері тірегінің жылжып кетуіне байланысты көпірде 2 апта бойы қозғалыс шектелген еді. Қазір күрделі жөндеуге сұранып тұр. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес 920 миллион теңге керек. Бірақ қаражат мәселесі әзір шешілер емес.

Эдуард Оспанов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Бөлім тарапынан уақытта үнемдеу мақсатында мердігер мекемені анықтау үшін көнкурс өткізілді. Ашық электронды конкурсқа тапсырыс берілді. Соның нәтижесі күтілуде. Алдағы уақытта ақша бөлінген жағдайда бұл мостты 5 айға күрделі жөндеу жұмыстарын өткізетін боламыз. Егер де қаражат көзі бөлінбейтін жағдайда келесі жылға мердігер мекемені анықтап, дайын отырамыз. 

Тұрғындар қалашығы мен Авангард ықшам ауданын жалғайтын көпір биыл маусым айында жөнделеді, дейді жауаптылар. Ал орталық көпірдің мәселесі әлі қаралып жатыр. Қаражат бөлінбесе, күрделі жөндеу жұмыстары келесі жылға қалады. 

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин