Жастардың көбі референдумға қатысуға ниетті  

Елордалық жастардың көбі жуырда елімізде өтетін референдумға қатысуға ниет білдіріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан жастар конгресінің ұйытқы болуымен өткен жиында осы туралы сөз болды. Саяси партия өкілдері мен белсенділер студенттермен кездесіп, Жаңа Қазақстанды құрудың негізгі принциптерін түсіндірді. Конституциядағы кейбір баптарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы мемлекеттің келешектегі бағдары қалай өзгеруі мүмкін деген тақырыпта әңгімелесті. Мұндай кездесулер алдағы бір ай ішінде елдің әр қаласы мен ауылында өткізіледі. Бұл мақсатта 200-ден астам шара ұйымдастыру жоспарланған.

Тоқтар Болысов, «Қазақстан жастар конгресі» ЗТБ атқарушы директоры:

– Өңірлерде кездесуге біз барлық жастарды шақырамыз. Біз бұлай іріктемейміз. Бірақ шындықты айтатын болсақ, қоғам белсенділері бар. Әрбір кездесулерге келетін және әрі қарай жастардың арасында түсіндіру жұмыстарын өткізетін жастар да бар. Олар міндетті түрде кіреді. Ал егер жастардың бір сұрақтары мен ұсыныстары болса, біз осы жұмысты бірге өткізуге дайынбыз.