Павлодарда Отан қорғаушы күніне орай оқушыларға арналған ашық есік күні өтті

Ертіс өңірінің әскерилері Отан қорғаушы күніне орай оқушыларға арналған ашық есік күнін өткізді. Басты мақсат жеткіншектерге әскери өмірдің қыр-сырын көрсетумен қатар патриоттық тәрбие беру. Себебі оқушылардың қатарында әскери қызметке қызығып, осы саланы таңдайтындар жетерлік.

Бұл Ұлттық ұланның 6679 әскери бөлімі. Оқушылар үшін ашық есік күнін өткізу дәстүрге айналған үрдіс.

Нұрлан Башинов, 6679 әскери бөлімі командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- Әскери патриоттық сезім, біздің азаматтығын нығайту және де Отан алдында қызмет етуге деген мақсаттары біздің бірінші міндетіміз. Олар енді әрі қарай өздерінің жолдарын, әскери салада бола ала ма, бола алмай ма деген, сондай патриоттық сезімді нығайтамыз. Мектептерге барып, сұхбат өткіземіз. 

10-сынып оқушысы Абай Әділет әскери қызметке қызыққан жеткіншектердің бірі. Қатарластарымен келіп, әскерилердің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысты.

Абай Әділет, оқушы:

- Әскери қару, сарбаздардың жұмысымен таныстық. Ағаларымыздың әңгімесін тыңдап, сұрақтарымызды қойдық. Өзім әскерге барғым келеді. Бірақ психологиялық және физикалық дайындық керек екенін түсіндім. Әлі біраз еңбектену керек.

Жасөспірімдер біріші кезекте әскери техникаға қызықты. Мәселен, «Тигр» бронеавтомобилі жол талғамайды әрі қуаттылығы жоғары. Ал бұл көлік Қазақстанда шығарылған. Әскердегі қызметкерлерді қауіпсіз әрі оқиға орнына тез жеткізуге арналған. Заманауи құралдармен жабдықталған.

Оқушылар әскери асханада да болды. Ұлттық ұлан сарбаздары үшін әзірленетін нағыз ботқадан дәм татты.

Артем Куликов, оқушы:

- Әскери қызметке қызығушылығым бар әрине. Көптеген сұрақтарым болып еді. Барлығына тұшымды жауап алдым. Әскери тағамдар ерекше екен. Өзімізді сарбаз ретінде сезіндік.

Пандемия кезінде кішігірім үзіліс болған. Енді әскери-патриоттық шаралар қайта жанданды. Жастар тәрбиесі бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған.

Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат