Көкті бағындырған курсанттар

Ақтөбеде әскери институтта білім алып жатқан болашақ ұшқыштар тәжірибеден өтіп жатыр. Курсанттар әдеттегідей тынық күні емес, күрделі метеорологиялық жағдайлар мен түнгі уақытта ұшақты бсқаруды үйренуде. Бұл шара Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдығы мен Армияның кадрлық әлеуетін арттыру жөніндегі мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өтіп жатыр.

Бала күнінен ұшқыш болуды армандаған Нұрболат Молдабек қазір майдандық авиация мамандығын меңгеріп жатыр. Тараз қаласының тумасы  институтқа түсу үшін тыңғылықты дайындалған. Елордадағы Жасұлан мектебін тәмамдап, әскери саланың қыр-сырын біліпті. Ал осы оқу орнында өткізген үш жыл ішінде жойғыш ұшаққа мініп, әуеде қалықтаған жалпы уақыты 60 сағатты құрайды. Оның жартысына жуығында тізгінде өзі отырған. 

Нұрболат Молдабек, курсант:

- Әскери мектепте оқығаннан кейін әрі қарай өзім де әскери саланы жалғастырамын деп шештім. Іріктеуден өту оңай болған жоқ. Бірақ мен соны біле тұра алдын ала дайындалып келдім. Қазір бұйырса, бір жарым жыл оқуым қалды. Қазір алдағы жоспарлар бойынша осы бір айдан кейін жазға Балхаш қаласына ұшу практикасына, яғни өзімнің ұшу қабілеттерін жетілдіруге барам. 

Курсанттар үшін оқу-жаттығу ұшулары бірінші курста-ақ басталады. Институтты бітіргенше ұшу уақыты кемінде 200 сағатты құрауы тиіс. Ал биылдан бастап талап күшейтілген. Енді түнгі уақыт пен күрделі метеорологиялық жағдайда да қанатты машиналарды басқара білу қажет. Ол үшін жаттығу кешендерінің желісі де кеңейтілді. Атап айтқанда, қос-қостан алынған СУ-27 ұшағы мен МИ-8 тікұшағы болашақ мамандардың біліктілігін арттыруға септігін тигізуде. Оқу үрдісіндегі жаңашылдықтарды институтта білім алып жатқан шетел азаматтары да меңгеріп жатыр.

Шухрад Даулятов, курсант: 

- Бала күнімнен ұшқыш болуды армандадым. Өйткені осы саланың маманы болу маған ұнайтын. Сол мақсатыма қазір қол жеткізіп келем. Әрі мұндағы оқу үрдісі де керемет. Оқу аяқталған соң өз отаным Тәжікстанға оралам. Ол жақта мен үшін қызмет дайын.

Т.Бигельдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери иниституты Орта Азия аймағында салаға қажетті мамандар дайындайтын бірегей оқу орыны. Бүгінде мемлекет басшысының армияны нығайту соның ішінде кадрлық әлеуетін арттыру туралы тапсырмасына сәйкес біраз істер қолға алынған. Институттың оқу-материалдық базасы күшейтіліп, аудиториялар заманауи үлгідегі жаттығу кешендерімен қамтылды. Әдістемелік құралдар да электрондық жүйеге көшірілген. Бұның барлығы сапалы кадрлар дайындауға сеп болмақ.  

Нұрқанат Бүйенбаев, Т.Бигелдинов атындағы ӘҚК ӘИ Тікұшақ эскадрильясының командирі:

- Мына приборлардың бәрін олар институт қабырғасында көреді ғой. Ал нақты бізге келген кезде іс жүзінде бізде жер үсті дайындығы өтеді 10 күннің ішінде. Сол жер үсті дайындығында осы бүкіл мына біздегі жабдықтардың барлығы қалай қосылады, қалай жұмыс істейді соны теория жағынан біз оны қайта білімдерін тексеріп, оларға баға беріп, біз оны ұшуға жібереміз. 

Бүгінде мұнда 400-ден астам курсант білім алып жатыр. Олардың арасында болашақ ұшқыштардан өзге инженер ұшып қонуды басқару және т.б. мамандықтарды меңгеріп жатқандар бар.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев