Мәскеуде өтетін халықаралық армия ойындарында маңғыстаулық танкшілер ел намысын қорғамақ

Халықаралық армия ойындарына қатысатын қазақстандық әскерилер қызу дайындалып жатыр. Әйгілі танк биатлоны Мәскеудің Алабино полигонында өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экипаж жауынгерлік техниканы шебер жүргізу, түрлі қашықтан нысана көздеу секілді жарыстарға қатысады. Ел құрамасы сапындағы маңғыстаулық танкшілерге аға лейтенант Бексұлтан Алдаберген жетекшілік етеді. 27 жастағы офицер бұл сайысқа бірнеше рет барып, жүлделі орындарға ие болған. Теңіз жаяу әскерлері бригадасында танктер колоннасы ұрысқа сақадай-сай тұр. Алдағы биатлонда қазақстандық әскерилер өзіне жақсы таныс Т-72 танкін тізгіндейді. Салмағы 41 тонна жауынгерлік машинаның экипажы 3 адам. Снаряды 10 шақырымға ұшатын ұрыс техникасының қыр-сырын командир Бексұлтан Алдаберген бес саусағындай біледі. Аға лейтенант биылғы іріктеуден де өтіп, Ресейге баратын әскерилер сапына қосылды.   

Бексұлтан Алдаберген, №25744 Ә/Б танк ротасының командирі:

2020 жылы халықаралық Армия ойындарының танк биатлоны конкурсына қатысып, 2-орынға қол жеткіздім. 2021 жылы командалық есепте 3-орынға ие болдық. Осы жылға біздің команданың қойған мақсаты тек жүлделі орындар.

Бұл кадрлар былтыр биатлонда түсірілді. Бронды машина тізгіндеген әскерилер 2 эстафета мен жекелей жарысқа қатысты. Соңғысында танкке қарсы кедергілер, ой-шұңқыры көп алаңды шарлап әртүрлі қашықтықтағы нысана көздеді. Ал эстафета кезінде қазақстандық құрама 3 экипажға бөлініп, бір танкпен жүрді. Бексұлтанның әкесі де танк айдаған. Тәжірибелі офицер өз білгенін ұлына үйретіп кетті. Қазір аға лейтенант 30-дан астам танк экипажын басқарады. Теңіз жаяу әскерлері бригадасында жас командирдің орны бөлек.

Ералхан Асан,  №25744 Ә/Б танк взводының командирі:

– Танк әскерлерін басқару мамандығын оқығандығы себепті ол кісі өз білгенін үйретіп және де әскери қызметшілерге, ротаның жеке құрамына өзінің әділ шешімін айтып, Қазақстан Республикасының намысын шет мемлекеттерде қорғап жүр.

Қыркүйекте өтетін халықаралық танк биатлонына 20-ға жуық мемлекет қатысады. Ел құрамасы сапында 4 үздік экипаж бар. Бұл ретте Ресей, Беларус және Қытай елінің танкшілері басты қарсылас ретінде айтылады.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев