Қостанайда 500-дей адам велошеруге қатысты

Қостанайлықтар Отан қорғаушы күнін бұқаралық жарыспен қарсы алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыс орталығында әуесқой және кәсіби шабандоздардың қатысуымен мерекелік велошеру ұйымдастырылды. Республикамыздың әр түкпірінен келген командалар да бақ сынау мүмкіндігіне ие болды. Демеушілер тарапынан қатысушылар бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздарына ие болды.

Әлібек Табылденов көліктен гөрі велосипед тебуді қалайды. Осы күнге дейін талай марафонды бағындырған. Мақтан тұтар жетістігі – бір күнде 300 шақырымды еңсеруінде.

Әлібек Табылденов, велошеруге қатысушы:

Велосипед қазіргі уақытта өте маңызды, өте қажетті нәрсе. Өйткені бұл салауатты өмір салтын насихаттаудың бір үлгісі боп саналады. Велоспиедім «МТВ» деген тау велосипеді. Ол нақты осы қаланың ішінде, сыртында шерулерге қатысуға арналған.

Облыстық әкімдік алаңынан басталған шеруге 500-дей адам қатысты. Он екі жастағы баладан бастап, алпыстың алқымдаған егде кісілерге 15 шақырым жол жүруге тура келді. Жергілікті шабандоздардан бөлек, Алматы, Нұр-Сұлтан, Павлодар және Тараздан келген командалар да бақ сынады.     

Бауыржан Тибеев, «Қостанай» велоқауымдастығының төрағасы:

– Қазақстанда осыны қолдау керек қой бұқаралық спортқа жақындатып халықты. Соның бірі – мына велоспорт. Табиғатқа шығып жанұяңмен, бала-шағамен осыны пайдалану керек қой велошеруді.

Қатысушылар «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» саябағында мәре сызығын қиды. Сонда біржолата маунтинбайктен республикалық жарыстың жалауы көтерілді.

Елена Киреева, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

– Облыс халқының 35 процентке жуығы бұқаралық спортпен шұғылданады. Бұл шамамен 290 мың адам. Осындай жарыстарды ұйымдастырудың арқасында салауатты өмір салтына ден қойғандар жылдан-жылға ұлғайып жатыр.      

Сонымен қатар мереке аясында тұрғындар әскери заттардың көрмесін тамашалай алды. Мұнда кәнігі қазақстандық сарбаздың киім үлгісі, күнделікті ас мәзірі, 50-60 жылдардағы әскери өмірден сыр шертетін даңқ альбомы ұсынылды.

Автолрлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров