Елорда іргесіндегі жасыл аймаққа биыл 10 млн ағаш отырғызылады

Бүгінде аталған жұмыстың 70 проценті орындалды, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Өсіп жатқан ағаштардың дені – көпжылдық және қылқанжапырақты. «Жасыл аймақ» орман алқабына ағаш отырғызу жұмыстары 1998 жылдан бастап қолға алынды. Содан бері бұл жерге 146 млн ағаш отырғызылды. Орман алқабының жалпы аумағы – 90 мың га. Бұл жерде өсіп жатқан ағаштардың қатарында қарақат, қайың, шаған, үйеңкі, терек, жиде бар. Сонымен қатар қылқан жапырақты ағаш түрлері де өседі. Одан бөлек, ағаштар Сібір мен Қытайдан әкелініп отырғызылған. Әрине сырттан әкелген ағаштардың бейімделіп өсіп кетуі қиынға соғады. Бірден жерсініп кетпейді, ол үшін арнайы күтім керек дейді мамандар.

«Жасыл аймақ» орманды алқабына жоспар бойынша жыл сайын 8 млн ағаш көшеті отырғызылады. Бұл орман алқабы негізінен елімізде 2 млрд ағаш отырғызу жобасына кіреді. Биылғы жоспар бойынша 4 мың га жерге 10 млн ағаш көшеті отырғызылады. Бүгінде аталған жұмыстың 70 проценті орындалды. Өткен жылы 6 млн түп ағаш көшеті егілді.