Маманы жоқ өңірде жол сапасы қайтіп оңады – Маңғыстау облысы

Маңғыстауда жол құрылысының қыр-сырына қанық маман аз. Қарақия ауданында бұл қызметті тіпті басқа саланың мамандары атқарып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалған 4 ауданда да жол салушы мердігерлерге талап қоя алатын қызметкер жоқ. Енді осы олқылықты түзеу үшін Ақтауда біліктілікті арттыру семинары өтті.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Автомобиль жолдарының қаншалықты сапалы жөнделіп немесе салынып жатқандығын жергілікті әкімдіктер қайдан білсін? Егер де жауапты бөлімде кәсіби білімі бар маман жоқ болса. Жол құрылысына қолданылатын материалдардың құрамы осы зертханада егжей-тегжейлі тексеріледі. Бір сөзбен айтсақ, мердігер мекеме жұмысының шикілігі осы жерде анықталады.

Былтыр Баянды ауылында көшеге төселген «кілем-жол» әлі күнге дейін көпшіліктің есінде. Барып тексеру жүргізген мамандар көше ұзындығы, асфальт жабындысының ені мен қалыңдығы құжатта көрсетілмегенін анықтады. Мердігер жұмысының қадағаланбауы, осы жолдан басқа да ақаулардың табылуы Мұнайлы әкімдігінде кәсіби маман тапшылығын көрсеткен. 

Бейсенғали Кенжалиев, «Мұнайлы ауданы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ басшысы:

7 маман бар. Оның ішінде тек 1 маман ғана осы жол бойынша. Бізде 600 шақырымдай жол бар, 91 шақырымы оның ішінде аудандық маңызда. Қалғаны 500 шақырымы ауылішілік жолдар. Жаңа өз ұсынысымды жазып кеттім. Жылына 2 рет, әр жарты жыл сайын осындай семинарды өткізіп тұрса деп.

Қазақстанда жолдарды тексеретін мекеме барын екінің бірі білмейді. Қыруар қаржыға салынған, иә жөнделген трассаның мерзімінен бұрын бүлінуі барлық облысқа тән проблема. Көп жағдайда бұған әкімдік қызметкерінің мердігер мекеменің «бармақ басты, көз қысты» әрекетке баруы түрткі болып жатады. 2019 жылы ұлттық орталық құрылғалы бері оң өзгеріс бар. Мамандар қолданатын жаңа технологиялар жолдың дәл өлшемдерін көрсетеді. Оны түзету мүмкін емес. Өйткені автоматты түрде базаға жүктеледі. 

Елтай Таялиев, ҚР ИИДМ «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК филиалының директоры:

– Осы таңда 4 ауданмен келісімшартымыз бар. Жұмыс жасап жатырмыз. Тек Бейнеу ауданы айтып отыр, 2 шақырымдай жолымыз бар салынатын, басқа объекті жоқ деп. Ал қалалық әкімдікпен қатынас жоқ. Хаттарымызды жазып, салынып жатқан жолдарды тексертіңіз деп айтып жатырмыз, Ақтау қаласының әкімшілігіне. Осы кезге дейін жасалған жоқ.

Әкімдіктердің ақша бөліп, өзіне тиісті жолдарды тексертуге құлықсыздығы әлі де болса байқалады. Егер уәкілетті мекеме республикалық бюджеттен қаржыландырылса, жолдарды тексеру күшейіп, құрылыс сапасының да жақсаратыны сөзсіз. Былтыр облыс бойынша жолдардан 1 мыңнан астам сынама алынған. Оның 300-дейі техникалық талаптарға сәйкес келмей шықты.

Авторлары:Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев