Соғыс ардагері 95-ке келсе де велосипед теуіп, көлік тізгіндейді

Николай Куриловтың 9 мамыр қарсаңында кестесі қауырт. Оқушылармен жүздеседі, қала билігінің құттықтауы бар, балалары келіп мерекелік ас ішеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтпақшы, 2017 жылы оның жанұясы «Мерейлі Отбасы» ұлттық жобасының жеңімпазы атанған. Бүгінгі күнге дейін қан майданның қиын күндерін бір сәт ұмытпаған қарт денсаулығында кінәраты бола тұра соғысқа өзі сұранып барыпты.

Николай Курилов, соғыс ардагері:

Соғысқа барғым келгені сонша, оң жақ көзімде жарақатым бар, нашар көрсем де, Бриянск өңірінің әскери комиссиясына өзім бардым. Жарамайсың деді. Мен дәрігерлерге қояр да қоймай жүріп жарамды деп жаздырып алдым. Артынша майданға аттанып кеттім.

Қазыналы қарт жасы 95-ке келсе де әлі күнге велосипед теуіп, көлік тізгіндейді. Бар ермегі сол, бір сәт үйде отырып қалмайды. Бүгінде жұбайымен 70 жыл қол ұстасып келе жатқан ардагердің жары ды тың игеруші. Мария Куриленконың да зұлматты жылдары тартқан азабы аз емес.

Мария Куриленко, тыл ардагері:

Біздің ауыл соғыс жылдары фашистердің құрсауында қалды. Біздерге жер қаздыратын. Оның ұзындығы 15 шақырымға дейін баратын еді. Отбасымызда 7 бала болды, оның тек үшеуі қалды. Фашистер ауылды толықтай өртеп жіберді. Үйіміз, жиған-тергеннің бәрі күл болып қалды.

Соғыс басталған жылы Николай не бары 7-сыныпты аяқтаған балаң жігіт еді. Бүгінде 5 баласы, 10 немересі, 11 шөбересі бар қарияның тілеуі бір. Ол елде соғыс болмаса екен деген тілек. Себебі зұлматты жылдардың мұңлы күндері әлі күнге дейін жадында сақталған.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков