Ақтөбеде оқушылар дубляж өнерінде шеберліктерін шыңдады

Көрерменге жол тартар алдындағы бұл соңғы әзірлік. Дубляж клубының бір тобы дайын туындыны бастан-аяқ тамашалауға жиналған. Бұған дейінгі бір жарым ай ішінде әрқайсысы сомдайтын рөліне сәйкес тек үзінділерін ғана көріпті.

Айсұлу Шықыраева, оқушы:

Мен негізінен мыстанның рөлін сомдадым. Алайда кейбір тұста кішкентай балалардың дауысы жетпей жатады. Сондай сәтте өзіміз де аударып, өзіміз кішкентай балалардың дауысын дыбыстаған кездеріміз де болды.

Зияткерлік мектеп оқушыларының дубляжды қолға алуына қазақ тілі мәртебесі төңірегіндегі түрлі пікірталас сеп болған. Әсіресе – интернет  парақшаларында сапалы контентті арттыруды жөн көрген. Ол үшін білім ордасында барлық жағдай бар дейді. Оқушылар радиосы дыбыстау студиясына айналып, ағылшын тілін жетік білетін жеткіншектер нетфликс туындысын дереу аударуға кіріскен.

Жігер Серік, оқушы:

Әр аудармашы шамамен 10 минуттан аударады. Осылайша шамамен бір айдың ішінде осы «Клаустың» толық қазақша нұсқасы шыққан болатын. Аудармасы дайын болған.

Аудармашы мен редактор, дыбыс режиссері мен рөлдерді сомдаушы актерлердың барлығы да оқушылар. Жалпы бір туындыны дыбыстауға 60-қа жуық жеткіншек атсалысқан. Ұстаздарының айтуынша сабақтан кейінгі жұмыс процесі кәсіби студиядан  кем болмаған.

Самал Талғатқызы, Назарбаев зияткерлік мектебінің  музыкалық-көркемдік жетекшісі:

–  «Qmovie» клубымыз үш жарым айдан аса міне төртінші айға кетті. Жұмыс жасап келе жатыр. Біз тек қадағалап тұрғанымыз болмаса, барлық жұмысты оқушылардың өздері атқарып жатыр. Үлкен процесстен өтеді.

Дубляждың қыр-сырымен ғаламтор бетіндегі ақпараттан танысып келген әуесқой актерлар кезекті бейнефильмді таңдауға кіріскен. Бағыт – балаларға арналған контент. Әзірге зияткерлік меншік мәселесі қолбайлау болғандықтан ғаламторға жүктеп, қалың бұқараға ресми паш ете алмайды. Дегенмен кәсіби студиялармен бірлесе шетелдік фильмдерді қазақша сайратуға балалар әбден дайын.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков