Соғыста мерт болған жауынгерлер БҚО-да құрметпен жерленді

Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы ауданында  соғыс кезінде мерт болған он шақты жауынгердің мәйіті қайта жерленді.

Қаза болған сарбаздар сүйегін Мәншүк Мәметова атындағы іздеу жасағының мүшелері тапқан. 1942 жылы Рязань-Орал темір жолымен Сталинград бағытына кетіп бара жатқан состав (пойыз) жау ұшақтарының шабуылына ұшырайды. Ұрыс барысында 38 теңіз жаяу әскері мерт болады. Олардың қатарында болған 10 жауынгердің денесі осы жылы табылды. Соғыс жылдарында Шоңай мен Сайхын станцияларына әуеден 500-ден аса бомба тасталған. Соғыстың ең жақын тылы болған Жәнібек пен Бөкейордасы аудандарында үйлер қирап, адамдар ажал құшты. Жергілікті өлкетанушылар мен тарихшылар олардың тылдағы, соның ішінде темір жолдағы жанқиярлық еңбегін зерделеуге ерекше мән береді.

 Амангүл Алдабергенова,  Ұлттық қорғаныс университетінің докторанты:

Болашақта Бөкейорда ауданы, Жәнібек аудандары екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы орнын табады деген үміттеміз. Осы бағытта көптеген жұмыстар атқарып жатырмыз. Осы Жәнібек, Орда аудандарын неміс авиациясының аямай бомбалағаны, сонымен қатар әбден дайындықтан өткен жау диверсанттарының келгені туралы көптеген құжаттар бізде бар.