Көлгінов елордадағы қарт майдангерлерді мерекесімен құттықтады

Майдангерлердің қатары сиреп барады. Қазір елде көзі тірі қарт жауынгердің саны 400-ге де жетпейді. Осы аз ғана ардагерлерімізді ардақтап, қамқор болу кейінгі буынның міндеті.

Биыл Жеңіске 77 жыл. Қанқұйлы шайқаста жан алысып, жан беріскен жаужүрек аталарымыздың құрметіне 1 млн теңгеден сыйақы берілді. Әр өңірде құрмет көрсетіліп жатыр. Елордада 18 майдангер болса, солардың әрқайсын қала басшылығы арнайы барып құттықтады.

Сұрапыл соғыс басталған жылы Василий Сердюков әлі оқушы еді. Сыныптастарымен бірге Қызыл әскер қатарына алынған сәтін толқыныспен еске алады. Бүгінгі бейбіт өмірге аса құрметпен қарайды. 

Василий Сердюков, соғыс ардагері:

- Мен Қазақстанда туып өсіп, бар ғұмырым осы жерде өтіп жатыр. Соғысқа дейінгі кезді, адамдар қалай өмір сүргенін есіме аламын. Бәрі оңалады деп сенемін. Президентіміз лайықты адам.

Қарт майдангер Рзагүл Байекешев күзде 99 жасқа толады. 1923 жылдың 18 қазанында Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Калининград облысынан бастап Польша, Румыния, Венгрияны жаудан азат ету үшін талай шайқасқа қатысқан.

Рзагүл Байекешев, соғыс ардагері:

- Жоқшылықты көрдік, баршылықты аз көрдік. Ал сіздерде енді бар ғой, нан жетеді, дүние жетеді. Жорытқанда жолдарың болсын, қызырдан жолдастарың болсын, періштеден паналарың болсын, әр уақта ақ жол сіздерге беріп, бала шағаларың, отбасыларыңа бірлік берсін, тірлік берсін, әр уақта да аманшылық, әумин.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- Ардагерлерімізді ардақтаймыз, еңбегін ұмытпауымыз керек. Ерлігін ұмытпауымыз керек, кейінгі ұрпаққа бейбітшілік, тұрақтылық, ынтымақтың қаншалықты маңызды екенін, ертікпен келгенін біз бағалуымыз керек.

Бұл күндері ардагерлерімізге тағзым етуге «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов та бас сұқты. Биыл Жеңіс күніне орай бір реттік материалдық көмекке республика бойынша 5 млрд 400 млн теңге қарастырылған. Елімізде 381 қарт майдангер тұрып жатыр.