Маңғыстау облысында ардагерлерге құрмет көрсетілді

Жеңіс мерекесі қарсаңында маңғыстаулық 6 соғыс ардагеріне 1 млн теңгеден берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ әрқайсына коммуналдық қызметтерді өтеуі үшін 202 мың теңге төленді. Биыл осы мақсатта бюджеттен 880 мың теңге қаралған. Бұдан бөлек Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген 774 тұрғынға 40 және 60 айлық-есептік көрсеткіш мөлшерінде бір жолғы материалдық көмек көрсетіліп отыр. Мәселен, қоршаудағы Ленинградты қорғауға қатысқан және сол қалада жұмыс істеген азаматтар 153 мың 150 теңге алды. Осы мөлшердегі қаражат балалық шағы концлагерде өткен адамдардың банктік шотына аударылды.

Әсет Шопанов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Сонымен қатар Ауғанстандағы әскери қимылдарға қатысқан әскери қатысушылары, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысушы, Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде әскери қызметшілері, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясындағы әскери қызметшілері, таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілері, барлығы – 1 120 адамға 153 мың 150 теңгеден көмек көрсетілуде.