ҰОС-на 76 мың батысқазақстандық аттанды

Екінші дүниежүзілік соғысқа Жайық өңірінен 76 мыңнан астам жауынгер аттанған, соның тең жартысы елге оралмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

40 сарбаз «Кеңес Одағының Батыры» атағын алды. 6 жауынгерге «Даңқ» ордені берілді. Бүгінде облыста көзі тірі 21 майдангер ғана қалды. Вениамин және Ксения Скаленколар бүгінде көзі тірі санаулы ардагерлердің бірі. Сұраплы соғыстың дүмпуі ерлі-зайыпты ардагерлердің жадында әлі жаңғырып тұр. Бірі майдан шебінде шайқасса, бірі тылда еңбек етіп, жеңіс күнін жақындатуға үлес қосты, 

Қариялар соғыстан бөлек, небір зобалаң жылдарда да бір-біріне демеу болды. Ерлі-зайыпты қариялар қонақ келсе, құшақ жая қарсы алады. Екеуінің жүзіндегі әрбір әжімнің артында тағдырдың небір тауқыметі жатқанын аңғару қиын емес. Әсіресе ерте есейткен сұрапыл соғыстың бейнеті олардың әлі көз алдында.

Вениамин Скаленко, соғыс ардагері:

– Мені әскерге 1942 жылы шақырды. Ол кезде 9-сыныпты енді тәмамдаған едім. Алдымен Ленинградтағы әскери байланыс училищесіне жіберді. Сол жерде бір жылдай оқу-жаттығудан өтіп, кейін Дмитров қаласындағы әуе-десанты жасағына жіберді. Одан соң Карелия батпағы арқылы Финляндияға кірдік. Кейін Венгрия, Будапешт, Австрия, Чехословакия және басқа да майданда болып, оқ пен оттың ортасында жүрдік.

Ксения Скаленко, тыл ардагері:

Соғыс басталған бойда бізді Украинадан Қазақстанның шығысына оқшаулады. Біз ол кезде бала едік. Әйткенмен тылдағы еңбекке араласып, қолғабыс қылдық. Шөп шаптық, бидай жинадық. Қара жұмыстың бәрін ауылдастармен жұмыла атқардық.

Ақсақал қазір 98 жаста, ал әжей 91 жасқа келді. Екеуінің шаңырақ құрғанына биыл – 74 жыл. Тарихтың талай кезеңін көріп, қиыншылықтың бәрін бірге кешкен жұбайлар бейбіт күннің бағасын жақсы біледі. Сондықтан жас ұрпақты елжандылыққа баулып, ұдайы бағыт-бағдар сілтеп отырады. Жеңіс күні – олардың қасиетті мерекесі. Жыл сайын бұл мейрамда замандастарымен қауышып, арқа-жарқа болатын. Әйткенмен соңғы жылдары майдангерлер қатары сиреп қалды. Көнекөздер жадында енді олардың естеліктері ғана сөйлейді.

Вениамин Скаленко, соғыс ардагері:

– Майдангерлердің азайып қалғаны жанға батады. Оралда бауырымдай болып кеткен үш бірдей қаруласым бар еді. Күн сайын қоңырау шалып тұратынмын. Олар да үнемі байланысқа шығатын. Енді олардан да айырылып қалдым. Жеңіс күні қасиетті де, қасіретті мереке. Бейбітшілік бәрінен қымбат. Ұрпағымыздың қайғы-қасірет шекпегенін тілеймін.

 

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов