ШҚО-да тыл ардагері технолгияның тілін шебер меңгерген

Шығыс Қазақстан облысында 88 жастағы тыл ардагері скайппен сөйлесу, ғаламтордан қалаған әуенді іздеп, ақпаратқа қол жеткізу сияқты сандық технологияның мүмкіндігін жастардан кем игермеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Александр Месячников бұдан бөлек, көшет отырғызып, бау-бақша өсіруге ден қойған. Жеті жасынан бастап еңбекке араласқан ол үнемі қимыл-қозғалыста болғанды жөн көреді. Көктем басталысымен 88 жастағы Александр Месячниковтен маза кетеді. Бар ойы саяжайдағы бау-бақшада. Әзірге көшет отырғызып, соны күтіп-баптап жүр. Тыным таппайтын тыл ардагері лезде әуестенетін нәрсе таба қояды. Жалғыз болса да, алыстағы бала-шағасымен үнемі байланысын үзген емес. Сандық техниканың тілін де меңгеріп алған.

Александр Месячников, тыл ардагері:

Қандай ән тыңдағым келсе, өзім қойып аламын. Скайп арқылы әр күн сайын қызыммен сөйлесемін.

Александр Владимировичке, әсіресе, әсерлі музыка тыңдау ұнайды. Өзі де ыңылдап әуендетіп жүреді. Ізденгіштігім мен жаңа іске деген құмарлығым мені соғыс жылдарындағы ауыр естеліктерден арылтады – дейді қария. Әкесі майданға аттанғанда ол небәрі 7 жаста болған екен. Дегенмен үйдегі жалғыз еркек кіндік болған соң ерте есейеді. Бірден қара жұмысқа араласады.

Александр Месячников, тыл ардагері:

– Ауылда колхозда сол егістік басында жүрдік.Кешке дейін жер тырмаладық. Мал бақтық. Өйткені тірлік ету керек болды, үйдегі анама, бауырларыма қарайласуға тура келді.

Еңбек есейтті, еңбек ер жеткізді – дейді  ардагер.Соның арқасында бүгінде үй-жайына өзі қарап жүр. Алтай ауданында пысық қарияның денсаулығын сұрап, халін білетіндер де көп.

Ирина Островская, Алтай ауданының тұрғыны:

– Осындай ардагерлермен жиі жүздесіп тұруы керек. Олардың көкейінде көп әңгіме бар.Тыңдау керек. Бұл кісілерге келіп, жай ғана халін білудің өзі үлкен қуаныш сыйлайды.

Жалпы өлкеде биыл жеңістің 77 жылдығын 42 соғыс ардагері мен 10 мыңнан астам тыл ардагері қарсы алады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов