Соғыс ардагері Жеңіс күнін қарттар үйінде қарсы алды

Соғыс ардагері Раиса Сафоничева өміріндегі ең маңызды мерекені тойлап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

97 жастағы қарт ана әлі тың. Құттықтап келген қонақтарды өзі қарсы алып, бірге ән салды. Сұрапыл соғыс жылдарын еске алып, естелік айтты: Ғасыр жасаған кейуана Раиса Егорқызы өткен күндерді аса қиналыспен еске алады. Кешегі қанды қасаптың әрбір сәті әлі күнге көз алдында. Көкірегінде сайрап жатыр. Оны әсте ұмыту мүмкін емес дейді. Раиса әжей майданға 18 жасында аттанды. Оқ пен оттың ортасында жүріп,  сту қабілетінен айырылды. Бірақ қайсарлығының арқасында өзіне жүктелген бар міндетті абыроймен атқарған.

Раиса Сафоничева Ұлы Отан соғысы ардагері:

– Жеңіс күні – бұл менің мерекем. Осы күнге жету үшін сұм соғысты көрдік. Қиналдық, жыладық бірақ жеңіске жеттік. Қаланы бомбалап жатқанда үйінді астында қалдым. Сонда қиналып демалып жатқанда соғыс әнін шырқай бастадым. Ән айтқанды жақсы көрем, соғыс әндерін ерекше. Бүгінгі бейбітшілікті бағалаңыздар. Қазіргі жастар сұм соғысты көрмесін. Елде тыныштық болсын деп тілеймін. Менде басқа арман жоқ.

Раиса Сафоничева 1925 жылы 10 шілдеде Башқұртстанда дүниеге келген. 1944 жылы 4 наурызда өз еркімен майданға аттанды. Минск қаласындағы қысқа мерзімді байланыс курсын аяқтап, Екінші Украин майданына жіберілген. Киев қаласы мен Будапешт маңындағы шайқастарға қатысып, Жеңіс күнін сол жерде қарсы алды. Бүгінде ардагер елордадағы қарттар үйінде тұрады. Немере-шөбереге масыл болмайын, қарттар үйінде күтім жақсы ғой деп өзі келген.

Жанар Рүстемова, 55/765 әскери бөлімінің қызметкері:

– Біз құттықтап жүргенімізге 4-5 жыл болды. Әр туған күнінде, жеңіс күнінде келіп құттықтаймыз. Бөлмесіне кіріп. Ол ксінің айтатын әңгімесі көп қой. Соғыс кезін айтады. Басынан өткізгенін айтады. Соны тыңдап, жастарға айтып беріп жатырмыз.

Қарттар үйіне әжейді құттықтауға әскерилермен бірге немере-шөбересі де келіпті. Ғасыр жасаған кейуананың бір ғана арманы бар. Елімізге соғыс бұлты төнбесін. Тек бейтібішілк болсын деген тілек.